Австралиялық балалар жазушысы Крейг Силви балаларды қанау материалдарын таратқаны және сақтағаны үшін жеті айға бас бостандығынан айырылды. Ол осы жылдың басында кінәсін мойындаған болатын, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

44 жастағы жазушы үш баланың әкесі. Батыс Австралияның аудандық соты тыңдауында полиция оның Фримантл қаласындағы үйіне тінту жүргізген кезде ноутбугі мен ұялы телефонынан бірінші санаттағы көптеген фотосурет пен бейнежазба табылғаны белгілі болды.

Сот материалдарына сәйкес, Силви порнографиялық сайтта «Джимми, Джимми, Джимми» деген лақап атпен басқа пайдаланушымен онлайн сөйлескен. Әңгіме барысында ол өзін «Фримантлдық жігітпін» деп таныстырып, сұхбаттасына: «Дауысың керемет екен… қызығушылықтарымыз өте ұқсас, әрі қарай сөйлескім келеді; Signal немесе Session бар ма?» — деп жазған.

Кейін екеуі шифрланған хабарлама қосымшасына көшкен. Онда жазушы өзінің «өте ашық ойлы және тыйым салынған тақырыптарға құмар» екенін айтып, бес жасар ұлдарды қалайтынын, ал «сегіз жас — тамаша жас» екенін қосып жазған. «Кішкентайлармен сүйіскім келеді», — деген ол бір хабарламасында.

Майлз Франклин әдеби сыйлығы мен Дублин халықаралық әдеби сыйлығының қысқа тізіміне енген Силви жалаңаш еркек пен ұл бала бірге түскен сексуалдық сипаттағы фотосуретке «сілекейі ағып тұрғанын» да жазған.

Судья Хейли Корманн бұл құқықбұзушылықтың өте ауыр және қатты алаңдатарлық екенін атап өтті. «Бұл құқықбұзушылық балаларға қатысты, ол — қиратушы да, күйзелтуші де», — деді ол.

Танымал жазушы 2009 жылы жарық көрген «Джаспер Джонс» атты өсу туралы романымен кеңінен танымал. Бұл шығарма қазіргі австралиялық классика саналып, көркем фильмге және бірнеше театр қойылымына айналдырылған.

Ол сондай-ақ «Rhubarb», 2021 жылы Australian Indie Book Award сыйлығын жеңіп алған «Honeybee» және экранға шыққан «Runt» атты балалар романы сияқты басқа да кітаптарымен кеңінен мойындалған.

Силвиге айып тағылғаннан кейін оның кітаптарын шығарған Allen & Unwin және «Rhubarb» кітабын жарыққа шығарған Fremantle Press баспалары оның шығармаларын насихаттауды тоқтатты, ал оның кітаптарының көбісі ел бойынша оқу тізімдерінен алынып тасталды.

Балаларды қанау материалдарын өндіру және сақтау бойынша тағы екі айып мамыр айында алынып тасталған.