Қазақстанда жеке тұлғаларға арналған жаңа автолизинг бағдарламасы іске асырыла бастады. Бірлескен жобаны Nomad Leasing Solutions компаниясы мен Allur автомобиль тобы қолға алды. Азаматтардың көлік алуының тағы бір жолы пайда болды — лизинг арқылы, құнын бірден толық төлемей-ақ. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Отбасы үшін көлік — күнделікті жұмысқа және оқуға бару, іскерлік кездесулер, жақындарды аралау немесе қала сыртына шығу мүмкіндігі. Лизинг көлікті бірден толық төлемей-ақ пайдалануға, шығынды бірнеше жылға бөлуге мүмкіндік береді.
Allur автомобиль компаниясы тарапынан өтінімдерді рәсімдеумен Allur Finance қаржы платформасы айналысады. Бағдарлама 37 айдан бастап мерзімге есептелген, қаржыландыру сомасы 1 млн теңгеден басталады. Клиент көлікті таңдап, 20%-дан бастап бастапқы жарна енгізеді, содан кейін ай сайын төлейді. Көлік сатып алынғанға дейін лизинг компаниясының меншігінде қалады.
Бұған дейін Қазақстанда жеке клиенттерге арналған автолизингтің пилоттық жобасы іске қосылған. 2025 жылдың желтоқсанында алғашқы шарт жасалды. Жаңа құрал сұранысты бағалау және рәсімдеу тәртібін пысықтау үшін сыналды.
2026 жылдың маусымында «Қаржылық лизинг туралы» Заңға жеке тұлғаларға лизинг беру шарттары мен лизинг компанияларына қойылатын талаптарды бекіткен өзгерістер қабылданды. Жаңа бағдарлама осы нормалардың негізінде іске қосылды.
«Жеке тұлғаларға арналған автолизинг Қазақстанда автомобиль қаржыландыруының жаңа сегментін қалыптастырады. Заңнамадағы өзгерістер жеке тұлғаларға лизинг беру тәртібін айқындады. Allur Finance-пен бірлесіп, біз белгіленген талаптар мен қолданыстағы лизингті рәсімдеу моделін ескере отырып, бағдарламаны іске қосып отырмыз», – деді Nomad Leasing Solutions лизинг компаниясының директоры Саят Урпежанов.
Клиенттерге қалдық төлемі бар нұсқа қолжетімді. Мұндай схемада автомобиль құнының 20%-дан бастап бөлігі шарт мерзімінің соңына ауыстырылады, соның арқасында ай сайынғы төлем азаяды. Шарт аяқталғанда клиент үш нұсқаның бірін таңдайды: қалдық төлемді енгізіп, көлікті сатып алады, оны лизинг компаниясына қайтарады немесе басқа көлікке жаңа шарт жасайды. Бағдарлама шарттары қалдық төлемді жаңа шартқа ауыстыру мүмкіндігін де қарастырады.
Көлікті қайтару және ауыстыру отандық өндірістегі автомобильдерге қолжетімді. Осылайша, шамамен үш жылда бір рет клиент көлікті өзіне қалдыра алады немесе басқа модельді таңдай алады – мысалы, отбасыға кеңірек көлік қажет болса немесе жұмыс міндеттері өзгерсе.
Сонымен қатар, Nomad Leasing Solutions пен Allur Finance жеке кәсіпкерлерге де автолизинг ұсынады.
Өтінімді бағдарламаға қатысатын дилер орталығында Allur Finance арқылы немесе Nomad Leasing Solutions сайтында беруге болады. Қолжетімді автомобильдер тізімі мен түпкілікті шарттар өтінімді қарастырғаннан кейін айқындалады.


