Банктер, микроқаржы ұйымдары және басқа да кредиторлар алдындағы берешек қазақстандыққа өзін автоматты түрде банкрот деп жариялау құқығын бермейді — ол үшін заңнама талаптарына сай болу қажет. Бұл туралы Алматы қаласының мемлекеттік кірістер департаменті еске салды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Көтере алмайтын міндеттемелерге тап болғандарға Қазақстанда үш рәсім қолжетімді: соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлемқабілеттілікті қалпына келтіру. Олардың әрқайсысының өз ерекшеліктері мен қарыз алушыларға қояр талаптары бар.
Соттан тыс банкроттық банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық ұйымдар алдындағы берешекке қатысты қолданылады. Қарыз алушыға мынадай талаптар қойылады: берешек сомасы 1 600 айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс, яғни 2026 жылы 6 920 000 теңге; борышкердің тіркелген мүлкі, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлкі де болмауы керек; берешек қатарынан 12 ай бойы өтелмеуі тиіс; кредитормен берешекті реттеу жүргізілген болуы қажет; азамат соңғы жеті жыл ішінде банкроттық рәсімінен өтпеген болуы керек. Соттан тыс банкроттыққа өтініш электрондық үкімет порталы, eGov Mobile қосымшасы немесе халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы беріледі.
Сот арқылы банкроттық банктер мен микроқаржы ұйымдары алдындағы қарыздарды ғана емес, салықтық берешекті де қамтиды. Рәсім сот арқылы жүргізіледі және берешек 1 600 айлық есептік көрсеткіштен асқан жағдайда не азаматтың мүлкі, мысалы, автокөлігі немесе жылжымайтын мүлкі болса қолданылады. Мынаны түсіну маңызды: сот арқылы банкроттық қарапайым «қарызды есептен шығару» емес — кредиторлар ақшаны борышкердің мүлкін өткізу есебінен алады, оның үстіне жалпы есепке мемлекеттік баж және қаржылық басқарушының қызметіне ақы төлеу шығыстары да қосылады.
Азамат банкрот деп танылғаннан кейін оған қатысты шектеулер қолданылады: бес жыл бойы жаңа банктік қарыздар мен микрокредиттер алуға тыйым салынады; банкроттық рәсімінен қайта өту жеті жылдан кейін ғана мүмкін болады; үш жыл бойы мемлекет азаматтың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізеді.
Берешегін біртіндеп өтей алатын, тұрақты табысы бар қазақстандықтарға балама ретінде төлемқабілеттілікті қалпына келтіру қарастырылған. Оның мәні — қарыз есептен шығарылмайды, керісінше азаматқа оны төлеуге көмектеседі: сот 5 жылға дейінгі мерзімге берешекті өтеудің жеке жоспарын бекіте алады. Рәсімнің басты артықшылығы — азамат банкрот мәртебесін алмайды, демек, теріс салдарларға да тап болмайды.
Сондықтан қарыздан заңды жолмен құтылып, болашақта артық қаржылық қиындықтарға жол бермеу үшін салық органдары қазақстандықтарға банкроттыққа өтініш бермес бұрын табысын шынайы бағалап, тиісті рәсімді таңдауды ұсынады. Банкроттық рәсімінен өту кезінде қарыздың кейбір түрлері есептен шығарылмайтынын және оларды бәрібір өз күшімен өтеуге тура келетінін есте ұстаған жөн — мысалы, бұл алиментке қатысты.
Бұған дейін біз банкрот Қазақстаннан шыға ала ма, сондай-ақ қазақстандықтарға банкроттықтан неліктен бас тартылуы мүмкін екені туралы жазған болатынбыз.


