Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов «Заң және тәртіп» конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«„Заң және тәртіп“ қағидаты — мемлекетіміздің ең жоғары конституциялық деңгейде бекітілген негізгі қағидаттарының бірі. Президент бірнеше рет атап өткендей, нағыз патриот — ең алдымен еңбекқор, білімді адам. Ол заңды сақтайды, тәртіпті қолдайды, тазалықты бағалайды және табиғатқа ұқыпты қарайды. Сондықтан бәріміз осындай құндылықтарды мойындап, насихаттап, ілгерілетуіміз керек. Құқықтық тәртіп сақталмай, елдің экономикалық, әлеуметтік, саяси және өзге де мақсаттарына жету мүмкін емес», — деді Олжас Бектенов.

«Заң және тәртіп» қағидаты заңдылық пен қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған, ал ведомствоаралық комиссия құқық бұзушылықтың алдын алуда мемлекеттік органдардың үйлестіруін қамтамасыз етуге тиіс.

Отырыста қоғамда «Заң және тәртіп» идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасы іс-шараларының орындалу барысы және құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары қаралды.