Қазан айы салыстырмалы түрде тыныш өткен соң, Қазақстанның отын нарығында қайтадан өзгерістер күтілуде: сарапшылар қараша айында ірі жеткізушілер АИ-92 бензині мен дизель отынының көтерме бағасын тоннасына 10 мың теңгеге қайта қарауы мүмкін деп болжап отыр. Алайда бағаның күрт секіруі күтілмейді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Мамандардың байқауынша, қазан айында бензин негізінен арзандады, ал дизель бағасы тұрақты болды. Енді телеарнаның сюжетінде атап өтілгендей, жанармай бекеттеріндегі баға біртіндеп және біркелкі емес өседі. Бағаны жинақталған отын қоры мен жеткізушілер арасындағы бәсеке ұстап тұрмақ, ал инфляция мен дизель отынының қысқы маркаларына көшу, керісінше, бағаны өсіруі мүмкін.

«Тоннасына 10 мың теңге шамамен литріне 7-8 теңгеге тең. Бұл бензинге де қатысты, ал дизель бойынша литріне шамамен 9 теңге қымбаттау келеді. Алайда жинақталған қор мен бәсеке бұл үстемені тұтынушыға аударуды тежеуі мүмкін. Сондықтан өсім біртіндеп болады және өңірлер бойынша бірдей болмайды деп ойлаймын», — деп болжамын айтты мұнай-газ саласының сарапшысы Ануар Қожабеков.

Бензин мен дизель отынындағы жағдай әртүрлі қалыптасуда. Егер бензиннің құны көбіне қор мен жеткізушілер арасындағы бәсекеге байланысты болса, дизель нарығына маусымдық фактор да әсер етеді: суық түскен сайын төмен температураға төзімді қысқы маркалы отынға сұраныс артады. Мамандардың пікірінше, айтарлықтай қымбаттаудан мұнай өңдеу зауыттарының үздіксіз жұмысы мен отынның уақтылы жеткізілуі сақтап қалады.

Алайда отын құнына тек ішкі факторлар әсер етпейді. «Қазақстанда инфляция болып тұрғанша, ол қалай да өседі. Бұл — өзара байланысты процесс. Сондай-ақ жанар-жағармай құнының өсуіне әсер ететін сыртқы факторды да атап өткен жөн. Өйткені Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты елдерде баға әлдеқайда жоғары, олар қазақстандық нарыққа қысым көрсетеді», — деп есептейді сарапшы Арман Байғанов.

Қазіргі таңда отын бағасы өңірге және жанармай бекетіне қарай айтарлықтай ерекшеленеді. Мәселен, Астана мен Алматыда АИ-92 бензинінің литрі шамамен 253 теңге, Шымкентте 238 теңгеден бастап тұрады. АИ-95 шамамен 60-70 теңгеге қымбатырақ. Дизель отынының бағасы одан да жоғары. Сонымен қатар соңғы бір жылда АИ-92 бензині 12%-ға, АИ-95 15%-ға қымбаттады.