Биатлоннан 2026/27 маусымындағы Әлем кубогының бірінші кезеңі Финляндияның Контиолахти қаласында аяқталды. Бағдарламаны екі атыс шебі бар спринт жарыстары қорытындылады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ерлер 10 км қашықтықты бағындырды. Атыс шебінде қате жібермеген француз Эрик Перро жеңіске жетті. Швециялық Себастьян Самуэльссон да атыс шебінде таза өнер көрсетіп, қола жүлдені иеленді (+29,6 секунд). Бір мәрте мүлт кеткеніне қарамастан, күмісті американдық Кэмпбелл Райт алды (+26,8).

Қазақстандықтар Владислав Киреев пен Асет Дюсенов атыс шебінде екі рет қателесіп, сәйкесінше 70-ші және 81-ші орындарға тұрақтады. Александр Мухин төрт мүлтпен 94-ші уақытты көрсетті.

Әйелдер 7,5 км қашықтықты жүгірді. Бір мүлт кеткеніне қарамастан, швециялық Эльвира Эберг чемпион атанды. Күмісті атыс шебінде бір қате жіберген француз Жюстин Бреза-Буше жеңіп алды (+1,5). Жүлдегерлер үштігін мүлтсіз өнер көрсеткен поляк Камила Жук түйіндеді (+6,4).

Қазақстанның әйелдер құрамасында үздік нәтижені бір мүлтпен 81-ші орын алған Милана Генева көрсетті. Айша Ракишева мен Лаура Киныбаева атыс шебінде төрт реттен қателесіп, сәйкесінше 99-шы және 100-ші орындардан көрінді.