Microsoft корпорациясының негізін қалаушы Билл Гейтс тоғыз жылдан кейін автоматтандыру мен жасанды интеллектке салық салу идеясына қайта оралды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Кәсіпкер роботтарға салық енгізу бастамасын алғаш рет 2017 жылы көтерген еді, бірақ ол кезде экономикалық қауымдастық бұған күмәнмен қарады. Енді миллиардер бұрынғы тұжырымдамаға оралып қана қоймай, оны кеңейтіп, жасанды интеллект токендеріне де таратты. Оның сенімінше, мұндай шара жаңа технологиялар нарықтан ығыстырып жатқан адамдардың жұмыс орындарын қорғау және әлеуметтік қолдау бағдарламаларын қаржыландыру үшін қажет.

Гейтс қолданыстағы салық жүйесіндегі теңгерімсіздікке назар аударды. Компания қызметкерді жұмысқа алғанда еңбекақы қорынан салық төлейді, ал роботтарды сатып алу немесе жасанды интеллектті енгізу қарапайым бизнес шығыстары ретінде есептен шығарылады. Нәтижесінде салық заңнамасы жұмыс берушілерді адамдарды машиналармен алмастыруға итермелейді.

Сонымен қатар Гейтс «адам үшін қорғалған кәсіптер» тұжырымдамасын ұсынды, онда машиналарды қолдану шектелуі немесе толығымен тыйым салынуы тиіс. Мысал ретінде ол қарттарға күтім жасау саласын келтірді.

Алайда IT саласының барлық көшбасшылары Гейтстің ұстанымын қолдамайды. Nvidia басшысы Дженсен Хуанг бұл идеямен келіспейтінін мәлімдеп, өнімділікке арнайы салық салмай-ақ экономиканы қолдаудың басқа да жолдары бар екенін атап өтті.