Бұрын танымал кәсіпкер Қайрат Боранбаевқа тиесілі болып, мемлекетке өткен Fitnation спорттық-сауықтыру кешені Астанадағы сауда-саттықта сатылмады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Кешенді сату туралы лот e-Qazyna.kz электрондық сауда алаңына қойылған. Сауда-саттыққа Астанадағы Тұран даңғылы, 4/1 мекенжайында орналасқан Fitnation спорттық-сауықтыру орталығы шығарылды.
Сайт деректеріне сәйкес, лотты Астана қаласының активтерді басқару және мемлекеттік сатып алу басқармасының өкілдері орналастырған. Нысанның бастапқы құны 2 913 037 603 теңгені құрады, кепілдік жарнасы — 436 955 641 теңге.
Лот құрамына ауданы 4 мың шаршы метр ғимарат пен қосымша құрылыстар, 510 бірлік жабдық, сондай-ақ Астана қаласы әкімдігінің «Дәулет» МКҚК балансындағы 510 бірлік негізгі құралдар кірді.
Алайда сауда-саттық өтпеді деп танылды. «Сауда-саттық мәртебесі: өтпеді (сауда-саттық басталған кезде веб-портал тізілімінде қабылданған қатысушылардың өтінімдері жоқ)», — делінген сайтта.
Кәсіпкер Қайрат Боранбаев 2022 жылдың наурызында ұсталды: ол бір топ адаммен бірге сұйытылған мұнай газын сатып алу кезінде 14,5 млрд теңгені жымқырды және қылмыстық жолмен табылған қаражатты заңдастырды деп айыпталды.
Іс бойынша сот процесі 2022 жылдың желтоқсанының соңында басталды. Айыптаушы тарап Боранбаев жымқырудан түскен үлесін швейцариялық банктегі шотқа аударғанын, сондай-ақ Алматыдан үй-жай сатып алғанын мәлімдеді. Боранбаевтың өзі кінәсін мойындамай, өзіне қандай айып тағылып жатқанын түсінбегенін айтты.
2023 жылдың наурызында Боранбаев кінәлі деп танылды — ол 8 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді және бірқатар лауазымдарды атқаруға өмір бойы тыйым салынды. Сол жылдың шілдесінде Боранбаев, Наханов және Жанузакқа қатысты үкім жойылып, іс бойынша апелляциялық сот алқасының отырысы тағайындалды.
Кейін Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) Боранбаев мемлекетке 90 млрд теңгелік активтерді қайтарғанын хабарлады — олардың қатарында мұнай кен орны, газ тарату компаниясы, сауда кешендері, қонақүйлер, фитнес-орталықтар және т.б. бар. Тағы 30 млрд теңгені ол Білім инфрақұрылымын қолдау қорына аударды.
Кейінірек прокурор Боранбаевқа жаңа мерзім — сегіз жылдың орнына 6 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады. Прокуратурада сұралған мерзімнің бұрынғы жойылған жазадан неге аз болғанын түсіндірді.
Жуырда сот Боранбаевтың өтінішін қанағаттандырып, жазаның өтелмеген бөлігін бостандықты шектеуге ауыстырды. Кәсіпкер түрмеден шықты. Қайрат Боранбаев Instagram парақшасында пост жазып, оны қолдағандарға алғыс айтты.
Сондай-ақ Боранбаевтан Беларусьтегі бұрынғы McDonald's сот арқылы өндіріліп алынды.


