Қазақстан-қырғыз шекарасындағы Шу облысында орналасқан «Чалдыбар» автомобиль өткізу пункті 25 қарашадан бастап уақытша жұмысын тоқтатады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Басылым дерегінше, бақылау-өткізу пункті көліктің барлық түрі үшін жабылады. Шектеуге «Чалдыбардың» қарсы бетіндегі қазақстандық «Сыпатай батыр» бақылау-өткізу пунктіндегі құрылыс жұмыстары себеп болды.
«23 қарашадан бастап Қазақстаннан Қырғызстанға жүк көліктерінің кіруіне шектеу қойылды. 25 қарашадан бастап жеңіл және жүк автомобильдері мен автобустар үшін жол толығымен жабылады. Ал адамдар шекарадан жаяу өте алады», — деп хабарлады шекара қызметінде.
Қазақстан тарапының алдын ала дерегінше, өткізу пункттері арқылы көлік қозғалысы 2027 жылдың соңына қарай қайта жанданады. Жабық тұрған уақытта жүргізушілер Шу облысындағы басқа бақылау-өткізу пункттерін пайдалана алады. Шекара қызметі кідірістерге тап болмас үшін жүргізушілерді басқа бағыттарды алдын ала таңдауға шақырды.


