Чернобыль атом электр станциясының шеттету аймағында жабайыланған иттердің геномында бағытталған сұрыпталу іздері бар 100-ден астам учаске табылды. Бұл радиациялық мутация емес, табиғи сұрыпталу белгілері, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Зерттеуді Солтүстік Каролина штаты университетінің мамандары жүргізіп, жануарлардың ДНҚ-сын зерттеді. Бағытталған сұрыпталу — тіршілік үшін пайдалы тұқым қуалайтын белгілердің келесі ұрпақта өрбу процесі. Айта кететіні, анықталған аймақтар зақымдалған ДНҚ молекулаларын қалпына келтіруге, ісіктердің дамуына және иммундық жүйенің жұмысына жауап береді.

Ғалымдар жергілікті жануарлардың екі тобын салыстырды: станция маңындағы популяция мен небәрі 16 шақырым жерде орналасқан Чернобыль қаласының иттерін. Қалалық жануарлар Шығыс Еуропа популяцияларына генетикалық жағынан жақын болып шықты. Ал АЭС өндірістік алаңының дәл өзіндегі иттер бірегей гендер жиынтығына ие болып, ол тіпті Галапагос аралдарының оқшауланған иттерінен де айтарлықтай ерекшеленді.

Зерттеу авторлары радиация жануарлардың геномын тікелей өзгертуі екіталай деп атап өтті. Апаттан кейінгі қиын жағдайда ағзасында қажетті қорғаныс қасиеттері әу бастан болған дарақтар ғана тірі қалуы мүмкін. Дәл осы туа біткен ерекшеліктер қазіргі иттердің арғы тегіне улы ортаға бейімделуге және төзімділікті ұрпағына жеткізуге көмектесті.