«Жеңіс» футбол клубының бас директоры Давид Лория әкесінің мемлекетаралық іздестірілуі туралы ақпаратты алғаш рет түсіндірді. Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) оны салық төлеуден жалтару ісі бойынша іздестіруге жариялаған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бұған дейін ҚМА «Қызыл-Жар СҚ» футбол клубы» ЖШС-нің бұрынғы президенті Григорий Лорияның мемлекетаралық іздестіруге жарияланғанын мәлім еткен. Ол бюджет қаражатын жымқыру және жалпы сомасы 414 млн теңгеден астам салық төлеуден жалтару бойынша күдікті деп отыр.
«Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кінәсіздік презумпциясы қағидаты қолданылатынын еске салғым келеді. Оған сәйкес ешкімнің кінәсі заңда белгіленген тәртіппен дәлелденбейінше, ол кінәлі деп саналмайды», — деді Давид Лория.
Ол сондай-ақ клубтардың қызметіне және жарияланымдарға арқау болған мән-жайларға қатысы жоқ екенін атап өтті. Сонымен қатар Лория футболды және спорттық инфрақұрылымды дамыту саласында жұмысын жалғастырмақ.
«Мен әрдайым шынайы отансүйгіштікке, қоғам алдындағы жауапкершілікке және халық игілігі үшін еңбек етуге деген ұмтылысқа сүйеніп келдім, одан әрі де сүйенемін», — деп атап өтті ол.
Айта кетейік, Давид Лория Астана мәслихатының депутаттығына кандидат.
ҚМА нұсқасы бойынша, 2023 жылы «Қызыл-Жар СҚ» футбол клубының қызметін қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлінген.
«Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті бас бухгалтермен және басқа да адамдармен сөз байласып, жалған қаржы құжаттарын пайдаланып, жеке шоттарға негізсіз ақша аударымдарын ұйымдастырған, сондай-ақ бухгалтерлік және салық есептілігіне көрінеу жалған мәліметтерді енгізуді қамтамасыз еткен», — деп хабарлады ведомстводан.
ҚМА дерегінше, салық декларацияларында қызметкерлердің табысы, еңбекақы қоры және ұйымның жиынтық жылдық табысы төмендетіліп көрсетілген.


