Қазақстандықтар eGov Mobile қосымшасындағы «Денсаулық» бөлімі арқылы ауруханалардың жалған медициналық қызметтер жазып қоюына шағымдана алады. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Елімізде ауруханалардың азаматтарға іс жүзінде көрсетілмеген медқызметтерді жазып қою оқиғалары бірнеше рет тіркелген. Мәселен, жақында Павлодарда қайтыс болған азаматтарға медициналық қызмет көрсетілгені туралы жазбалар, сондай-ақ ер адамдарға гинекологиялық қызмет көрсетілгені туралы мәліметтер анықталды.
Алайда мұндай деректермен келісуге болмайды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) түсіндіруінше, медқызметтерді заңсыз жазып қою туралы міндетті түрде хабарлау қажет.
Ол үшін ешқайда барудың қажеті жоқ. eGov Mobile қосымшасындағы «Медициналық қызметтер тарихы» қызметін пайдалану жеткілікті. Пайдаланушы өз профилінен «Денсаулық» бөлімін табуы керек.
Онда пайдаланушы көрсетілген медициналық көмек, оның атауы, көрсетілген күні мен уақыты, сондай-ақ қаржыландыру көзі туралы ақпарат алады.
Егер қызметтердің арасында адам алмағандары бар екені анықталса, ол «Шағымдану» батырмасын басып, мұны өтініште көрсете алады. Содан кейін қор тексеру жүргізеді, ал қарау қорытындысы бойынша шара қолданылады.
Бұл қызмет «Халықтық бақылау» сервисі аясында жұмыс істейді. ӘМСҚ мәліметінше, ол арқылы азаматтардан шамамен 6,3 мың өтініш түскен.
Сонымен қатар еске салайық, 2027 жылдан бастап қазақстандықтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан, емханаларда базалық медициналық көмек ала алады. Ал МӘМС-ке жарна төлейтін қазақстандықтардың қандай құқықтары бар екенін осы жерден оқи аласыз.


