2027 жылдан бастап Қазақстанда барлық әлеуметтік жәрдемақы жойылады деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік желілерде тараған қауесетті ресми түрде жоққа шығарды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Министрлік атап өткендей, желіде тараған әлеуметтік төлемдердің жойылуы немесе қысқартылуы, азаматтардың мемлекеттік қолдаудан айырылуы туралы мәліметтер — жалған ақпарат.

«Мемлекет азаматтар алдындағы әлеуметтік міндеттемелерінен бас тартпайды. Жүргізіліп жатқан жұмыс әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіруге, оның әділдігі мен атаулылығын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік жәрдемақылар отбасының материалдық жағдайына қарамастан сақталады», — деді Еңбек министрлігінде.

Ведомство қосымша атап өткендей, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер, оның ішінде жүктілік және босану бойынша, сондай-ақ бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтім бойынша төлемдер отбасының материалдық жағдайына қарамастан толық сақталады.

Сонымен қатар республикалық бюджеттен төленетін 36 түрлі жәрдемақының 12 түрі бойынша келесі жылдан бастап отбасының материалдық жағдайын ескере отырып, неғұрлым атаулы тәсіл қолданылады.

Еске салайық, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда әлеуметтік жәрдемақы тағайындау ережелері түбегейлі өзгереді. Бұрын негізгі шарт баланың туылуы, көпбалалық немесе мүгедектіктің болуы болса, енді мемлекет отбасылардың материалдық қамтамасыздығын кешенді бағалауға көшеді.

Қазақстандағы барлық отбасы әл-ауқаттың бес санатына бөлінеді: A — жоғары деңгей; B — ауқатты отбасылар; C — әл-ауқаты орташа отбасылар; D — қолдау қажет отбасылар; E — ең қиын жағдайдағы отбасылар.