Еуроодақ ресейлік ірі «Самолет» девелоперіне және оның бас директоры Анна Акиньшинаға санкция салды. Шектеулерге компания қызметі себеп болды. Оның 18% үлесін 2026 жылдың тамызында Ксения Кибиткина мен Ержан Мусин құрған қазақстандық Fonte Capital инвестициялық қоры сатып алған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Мәміле туралы 10 тамызда белгілі болды. «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелген Fonte Capital инвестициялық компаниясы «Самолет» тобының 18% үлесін девелопердің тең құрылтайшысы Михаил Кениннің мұрагерлерінің мүддесін білдіретін ресейлік «Горизонт» қорынан сатып алды.

Тараптар мәміле сомасын жарияламады. 10 тамыздағы девелопердің капиталдануын негізге алсақ, үлестің құны шамамен 4,2 млрд рубль, яғни 50 млн долларға жуық деп бағаланды.

Қазақстандық инвестор туралы хабар шыққан соң «Самолет» акциялары Мәскеу биржасында бірден 12%-ға қымбаттады.

Мәміле кезінде ресейлік девелопер қаржылық және беделдік қиындықтарға тап болды. Өткен жыл ішінде оның акциялары шамамен 66% құнсызданды.

2025 жылы Ресейде «Самолеттің» Санкт-Петербордағы екі тұрғын үй кешенінің құрылыс мерзімінің бұзылуына байланысты алаяқтық бойынша қылмыстық істер қозғалды.

Сонымен қатар компания шамамен 700 млрд рубль (8,3 млрд долларға жуық) деп бағаланған қарызын өтеуде қиындықтарға тап болды.

2026 жылдың ақпанында девелопер ресейлік үкіметтен 50 млрд рубль (595,2 млн долларға жуық) жеңілдік несие сұрады, алайда қолдау ала алмады.

Компанияның қаржылық нәтижелері де нашарлады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша «Самолет» 2,3 млрд рубль (27,4 млн долларға жуық) таза шығынға ұшырады, ал бір жыл бұрын 8,2 млрд рубль (97,6 млн долларға жуық) пайда тапқан еді.

Осы жағдайларға қарамастан, Fonte Capital девелопердің ірі үлесін сатып алды.

Қазақстандық Fonte Capital инвестициялық қорын Ксения Кибиткина мен Ержан Мусин 2022 жылы құрған.

Кибиткина – Harper’s Bazaar және MARCO журналының бұрынғы редакторы, сондай-ақ Mrs Kazakhstan Globe сұлулық байқауының финалисі. Мусин туралы ашық дереккөздерде қосымша ақпарат жоқ.

Fonte құрылымына 20 инвестициялық қор және 10 шатырлы қосалқы қор кіреді. Олардың қатарында биткоин мен Solana-ға арналған биржалық инвестициялық қорлар, сондай-ақ шетел валютасындағы мемлекеттік және корпоративтік облигацияларға инвестиция салатын қорлар бар.

Сонымен қатар Fonte Capital-ға ресейлік AVI Capital (бұрынғы «Универ Капитал») және қазақстандық Altyn Adam Associates брокерлері тиесілі.