Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі жарлығымен Өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметінен босатылған Ерсайын Нағаспаев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы болып тағайындалды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
«Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының Telegram-арнасында жазылғандай, тиісті шешімді қор басқармасы қабылдады: Ерсайын Қайырғазыұлы Нағаспаев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы қызметіне кірісті.
Ол Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша бітіргені белгілі.
2025 жылдың ақпанынан бастап Нағаспаев Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметін атқарды. 2021–2025 жылдары «ҚТЖ» ұлттық компаниясы» АҚ-да басқарушы директор болып жұмыс істеді.
Әр жылдары ол Инвестициялар жөніндегі комитетте, Сыртқы істер министрлігінде, Қазақстанның Ресей Федерациясындағы елшілігінде еңбек етті. Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар министрлігінде, «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнында басшылық қызметтер атқарды. Сондай-ақ Қарағанды облысы Шахтинск қаласының әкімі, Астана қаласы әкімінің орынбасары, «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы болды.
Айта кетейік, бүгін мемлекет басшысының жарлығымен Ерсайын Нағаспаев Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметінен босатылды.
Бұған дейін Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» басшылары Нұрлан Жақыпов пен ҚТЖ басшысы Елжас Отыншиевтің ұсталғанын хабарлаған. Көп ұзамай «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталу сәті түсірілген бейнежазба жарияланды.
Осыдан кейін «Самұрық-Қазына» АҚ басшысы Нұрлан Жақыповтың ұсталуына қатысты түсініктеме берді. Кейін қор АҚ мен қор тобының барлық өзге компаниялары жұмысын қалыпты режимде жалғастырып жатқанын мәлімдеді.
Ал жақында сот басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен Елжас Отыншиевті қамауға алды.


