Қазақстанда «3 тілек» брендімен майонез бен соус шығаратын швейцариялық азық-түлік холдингі өз басшыларына бір жылда жарты миллиард теңгеге жуық жалақы төлеген. Бұл әр адамға айына шамамен 8 млн теңгеден келеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

2025 жылдың қорытындысы бойынша «3 тілек» және «Шедевр» брендтерімен өнім шығаратын Eurasian Foods Corporation азық-түлік холдингі басқарма мүшелерінің жалпы сыйақысы 487,9 млн теңгені құрады. Яғни бір топ-менеджерге айына орта есеппен 8 млн теңге шамасында тиесілі болды.

Басқарма мүшелерінің 2025 жылғы жалпы сыйақысы 487,9 млн теңгеге жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 40 млн теңгеге артық. Ал холдингтің 2025 жылғы пайдасы аздап — 0,5%-ға төмендеп, 8,48 млрд теңге болды.

Компанияның топ-менеджерлер құрамы жыл бойы өзгерген жоқ. Оған бес адам кірді: басқарма төрағасы Григорий Плетников, бас инженер Олег Бельфер, коммерциялық директор Екатерина Раздеви, қауіпсіздік қызметінің бастығы Мәлік Құрманбаев және бас технолог Марина Пак. Олардың әрқайсысына жылына орта есеппен 97,57 млн теңге жалақы мен сыйлықақы, яғни айына шамамен 8 млн теңге тиесілі болды.

Eurasian Foods Corporation «3 тілек» брендімен майонез, кетчуп және соус, «Шедевр» өсімдік майын, сондай-ақ басқа да азық-түлік өнімдерін шығарады. Қазақстанда холдинг құрамына Алматы, Қарағанды және Петропавлдағы зауыттар кіреді.

Холдинг толығымен Швейцарияда тіркелген Ursem Holding AG компаниясына тиесілі. Бұған дейін Eurasian Foods Corporation азық-түлік холдингі өз акционеріне 2025 жыл үшін 1,8 млрд теңге дивиденд төлейтіні хабарланған.