Ноттингем университетінің зерттеушілері сілекейдің табиғи минералдарының арқасында эмальді қалпына келтіретін және тістің сезімталдығын төмендететін фторсыз биосыйымды гель әзірледі, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ноттингем университетінің фармацевтика мектебі мен химиялық және экологиялық инженерия бөлімінің мамандары стоматологияда серпіліс жасап, тіс эмалін қалпына келтіруге арналған инновациялық гель ойлап тапты. Ғылыми жұмыстың нәтижелері Nature Communications журналында жарияланды. Бұл әзірлеме тіс емдеу тәжірибесіндегі басты шектеуді жоюға бағытталған: қалыптасқан тістерде тірі жасушалар болмайды, сондықтан эмаль деминерализация мен эрозиядан кейін өздігінен қалпына келе алмайды.

Дәстүрлі лактар мен реминерализациялайтын пасталардан өзгеше, жаңа құрамда фтор жоқ. Ол ерте балалық шақта тістің қалыптасуының табиғи процесін қайталайтын биомиметикалық ақуыздардан тұрады. Жағылған кезде гель микрожарықтарға еніп, берік қаңқа құрайды. Сілекеймен жанасқанда материал кальций мен фосфат иондарын тартып, эпитаксиалды минералдануды іске қосады — тістің табиғи бетімен тұтасып кететін кристалдардың реттелген өсуі.

Сынақтар өсірілген қабаттың беріктігі сау эмальдан кем еместігін, щётканың үйкелісіне, шайнау кезіндегі қысымға және қышқылдармен жанасуға төтетінін растады. Зерттеудің жетекші авторы Абшар Хасан гель ашық дентинге жағылғанда да жоғары тиімділік көрсетіп, нервтерге баратын арналарды бөгеп, ыстық пен суыққа деген аса сезімталдықты жоятынын атап өтті.

Зерттеу жетекшісі Альваро Мата құрамды жағу процедурасы кәдімгі фторлау сияқты қарапайым екенін мәлімдеді. Технологияны коммерцияландыру үшін авторлар Mintech-Bio компаниясын құрып, алғашқы өнімдерді таяу жыл ішінде нарыққа шығаруды жоспарлап отыр.