Ұлыбританиядағы Кембридж университеті мен АҚШ-тағы Орегон денсаулық және ғылым университетінің (OHSU) халықаралық зерттеушілер тобы қатерлі ісіктердің иммунитет шабуылынан қалай жалтаратынын ашты. Ісік жасушалары қорғаныс кедергісі ретінде табиғи антиоксиданттар бөліп, ағзаның қорғаныс жасушаларының аурумен күресу қабілетін салдандырады екен, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ауқымды ғылыми жұмыстың нәтижелері Science журналында жарияланды. Ісік жасушалары PRDX1 антиоксидантын бөліп, T-лимфоциттерді шабуылға қажетті оттегінің белсенді формаларынан айырады, ал бұл қорғанысты тежеу иммунотерапияны күшейтеді, деп жазады ScienceDaily.

Ұзақ уақыт бойы оттегінің белсенді формалары (ОБФ) мен бос радикалдар тек жасуша метаболизмінің қауіпті жанама өнімдері ретінде қабылданып келді. Алайда биологтар атипті жасушаларды танып, жоятын цитотоксикалық T-лимфоциттерге шабуылды бастау үшін ОБФ-тың аз мөлшері химиялық сигнал ретінде қажет екенін анықтады. Ісіктердің микроортасын зерттей келе, ғалымдар қатерлі ісік жасушааралық сұйықтыққа пероксиредоксин-1 (PRDX1) антиоксидантты ақуызын көп мөлшерде бөлетінін байқады. Бұл фермент бос радикалдарды байланыстырып, иммундық жасушаларды іске қосу тетігінен айырады.

Тышқандарға жүргізілген тәжірибеде ғалымдар CRISPR генетикалық редакциялауы арқылы PRDX1 өндірісін тоқтатты. Нәтижесінде T-лимфоциттердің белсенділігі қалпына келіп, ісіктердің өсуі тежелді. Сонымен қатар емге төзімді ісіктер қайтадан иммунотерапияға сезімтал болды. Генетикалық дерекқорлар мен пациенттердің биоптаттарын талдау адам ағзасында да осыған ұқсас үдерістің бар екенін растады.

Жұмыстың жетекші авторларының бірі доктор Ксан Весоловски зерттеу радикалдардың физиологиялық рөлі туралы әдеттегі көзқарасты өзгертетінін атап өтті. Профессор Рахул Ройчоудхури антиоксидантты қорғанысты жою ісіктердің дәріге төзімділігін жеңуге мүмкіндік беретінін айтты, ал доктор Роберт Эйл лимфоциттерді белсендіру үшін прооксидант заттарды қолданудың перспективасына назар аударды. Бұл жаңалық клиникалық сынақтарда антиоксидантты қоспаларды қабылдаудың неге онкологияның алдын алмайтынын да түсіндірді.