Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы газ саласын дамытуға бағытталған ұлттық ресурстардың тиімді пайдаланылуын тексеру қорытындысын ұсынып, 24,1 млрд теңгеге қаржылық заңбұзушылық анықтады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Палата отырысы Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өтті. Аудит саланың негізгі бағыттарын қамтыды: ішкі нарықты тауарлық газбен қамтамасыз ету, ресурстық базаны дамыту, инвестициялық жобаларды іске асыру, өңірлерді газдандыру және газ тасымалдау инфрақұрылымының жай-күйі.

Аудиторлар Қазақстанның ресурстық базасы айтарлықтай екенін атап өтті: газдың жалпы қоры 3,8 трлн м³ деп бағаланады, ал 2022–2025 жылдардағы жалпы өндіріс 239,5 млрд м³ болды. Алайда ішкі нарыққа арналған тауарлық газ өндірісі баяу дамып, азаматтар мен экономиканың өсіп келе жатқан қажеттілігін қанағаттандыра алмай отыр.

«Сонымен қатар ішкі нарықтың жер қойнауын пайдаланушылардың шектеулі тобына тәуелділігі сақталып отыр, ал жеткізілетін газдың сапасы талап етілетін стандарттарға әрдайым сай келе бермейді. Атап айтқанда, кондициясыз тауарлық газ компрессорлық жабдықтың тозуын арттырып, Ұлттық операторды оны шетелге экспорттау кезінде жеңілдік жасауға мәжбүр етеді», — делінген аудиторлар есебінде.

Аудиторлардың пікірінше, саладағы стратегиялық жоспарлау жүйесі ішкі тұтынудың өсуі, ресурстық базаның дамуы және жаңа өңдеу қуаттарын іске қосу арасындағы қажетті үйлесімді қамтамасыз етпейді.

«Бағдарламалық құжаттарда геологиялық барлауды ынталандыру, жерасты сақтауды дамыту, саланы цифрлық трансформациялау және тәуекелдерді басқару жөніндегі индикаторлар мен шаралар жетіспейді. Сонымен қатар Ұлттық оператор стратегиясында да жүйелік мәселелерді шешуге арналған мақсаттар жоқ: солтүстік өңірлерді газдандырудың қаржылық қамтамасыз етілмеуі, ресурстық базаны басқарудың тиімді тетіктерінің болмауы және IT-инфрақұрылымның дайын еместігі», — деп атап өтілген есепте.

Аудит қорытындысы бойынша 24,1 млрд теңгеге қаржылық заңбұзушылық, сондай-ақ 18,2 млрд теңгеге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау мен пайдалану анықталды. Тексеру барысында бюджетке 59,4 млн теңге қайтарылды, тағы 20,2 млрд теңге есепке алу және жұмыстарды орындау арқылы қалпына келтірілді.

Сондай-ақ Ұлттық оператор кәсіпорындары 20 мыңнан астам км магистральдық газ құбырларын және шамамен 77 мың км газ тарату желілерін пайдаланып отырғаны белгілі болды. Алайда инфрақұрылымның едәуір бөлігі бұрын салынған және нормативтік мерзімнен асып пайдаланылуда, ал жаңғырту мен жөндеу жұмыстары жеткіліксіз қарқынмен жүргізілуде.

Аудиторлар өңірлік теңгерімсіздікті одан әрі жою және салынған нысандардың пайдаланушы ұйымдарға уақтылы берілуін бақылауды күшейту қажеттігіне назар аударды. Сонымен қатар 2025 жылдың қорытындысы бойынша халықты газдандыру деңгейі 64,2%-ға жетті: табиғи газбен 13,1 млн адам қамтамасыз етілді, газдандырылған елді мекендер саны 2 240 болды.

Жоғары аудиторлық палата аудиттің барлық нысандарына анықталған заңбұзушылықтарды жою жөнінде нақты тапсырмалар жіберді. Бұл жұмыс толық аяқталғанға дейін бақылауда болатыны атап өтілді. Сондай-ақ газ саласын басқару жүйесін жетілдіруге, ресурстық базаны нығайтуға және инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған ұсынымдар әзірленді.