Қазақстандағы мейрамханалар, кафелер мен асханалар табысын 16%-ға арттырды. Алайда инфляцияны ескерсек, бұл өсімнің нақты үлесі небәрі 3,2% болды. Қаңтар–қыркүйек аралығында қоғамдық тамақтану орындары 1,37 трлн теңге табыс тапты. Нақты өсу қарқыны алты жылдағы ең төменгі деңгейге жетті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, бір жыл бұрын баға өзгерісін ескергенде табыс 15,7%-ға өскен. Салыстырсақ, 2021 жылдың тоғыз айында нақты өсім 5% болған. Ол кезде орындар пандемияның бірінші жылындағы күрт құлдыраудан кейін қалпына келе бастаған еді.
Жалпы динамикаға екі ірі қаладағы баяулау барынша әсер етті. Елдегі қоғамдық тамақтану табысының 32%-ы Алматыға, 22%-ы Астанаға тиесілі.
Алматыда нақты өсім 51,9%-дан 5,4%-ға, астанада 22,7%-дан 9,8%-ға баяулады. Екі қалада да табыс артып келеді, бірақ бір жыл бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда баяу.
Бұған дейін ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстанда инфляцияның одан әрі өсуіне қазіргі таңда алғышарт жоқ екенін мәлімдеген. Оның айтуынша, теңге бағамы мен төлем балансы сияқты факторлар қолайлы қалыптасып отыр. Күні бұрын Жұманғарин экономика өсімін тежейтін үш фактор туралы айтқан болатын.


