Газдалған сусындар мен снектерге жұмсалатын тұтыну шығындары қор нарығында тұрақты табыс көзіне айналуы мүмкін: Freedom аналитиктері әлемнің ірі сусын және тәтті өнімдерін өндірушілерінің бағалы қағаздарына салым салудың перспективаларын бағалады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Әлемдік снек нарығы жүздеген миллиард доллармен өлшенеді. 2025 жылы оның көлемі 747,6 млрд долларға жетті, ал 2026 жылы 778,1 млрд долларға дейін өсуі мүмкін. Шоколад нарығы да соншалықты ауқымды: 2025 жылы әлемде шамамен 35,8 млн тонна шоколад және какао өнімдері өндірілді. Қазақстан осы индустрияның маңызды бөлігі ретінде халықаралық корпорациялардың назарын аударып, жергілікті өндірістерді дамытуда.
«Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстанда шамамен 2,75 млрд литр минералды және газдалған су, сондай-ақ басқа да алкогольсіз сусындар өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,7%-ға көп. Сонымен қатар, тәттілендіргіштер мен хош иістендіргіштерсіз минералды және газдалған су өндірісі 17,9%-ға артып, 578 млн литрге жетті, ал басқа алкогольсіз сусындар өндірісі 1,7%-ға өсіп, 2,17 млрд литрді құрады», — дейді Freedom инвестиция бағытының аналитигі Әлияр Ақымғалиев.
Халықаралық компаниялар өңірге белсенді инвестиция салуда. PepsiCo корпорациясы Алматы облысында снек өндіретін зауыт салып жатыр. Бастапқыда жобаға салынатын инвестиция 160 млн долларға бағаланған, бірақ кейін компания оны 368 млн долларға дейін ұлғайтты.
Жергілікті нарықта тәтті өнімдер өндіретін қазақстандық компаниялар да табысты жұмыс істеп, олардың акциялары KASE биржасында саудаланады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша «Баян Сұлу» компаниясының түсімі 51,8 млрд теңгені, ал таза пайдасы 4,44 млрд теңгені құрады.
«Рахат» фабрикасының бағалы қағаздары 2021 жылғы 10 қаңтардан 2026 жылғы 12 қазанға дейін 9 200 теңгеден 20 117 теңгеге қымбаттады. Осы кезеңдегі құн өсімі 118,7%-ды құрады. Сарапшылардың есептеуінше, әр жылдың басында 200 мың теңгені тұрақты инвестициялау алты жылда жалпы шығыны 1,2 млн теңге болғанда инвесторға 1,72 млн теңге әкелер еді. Бұл салынған сомадан 519 мың теңгеге, яғни 43,3%-ға артық.
Әлемдік корпорациялар да тұрақты табыс ұсынады. Coca Cola компаниясы күн сайын шамамен 2,2 млрд порция сусын сатып, тұрақты түрде дивиденд төлеп отырады. 2026 жылдың ақпанында тоқсандық төлем мөлшері қатарынан 64-ші рет ұлғайып, бір акцияға 0,53 долларды, немесе жылына 2,12 долларды құрады.
Егер ай сайын әдеттегі тәттілерді сатып алудың орнына инвестицияға 30 мың теңге бағыттаса, бір жылдағы шығын сомасы 360 мың теңге болады. Он жылда жеке салымдар 3,6 млн теңгеге жетеді. Жылына орташа 10% кірістілік кезінде қорытынды капитал 6 млн теңгеге жақындауы мүмкін, оның 2,4 млн теңгесі таза инвестициялық табыс болады.
Бұған дейін Freedom белгісіздіктен қорғайтын инвестидеялар дайындағаны хабарланған болатын.


