Қазақстанда 2027 жылы «7-20-25» жеңілдік ипотека бағдарламасына 100 млрд теңге бөлінеді — тоқсанына 25 млрд теңгеден. Алайда журналистер атап өткендей, бағдарламаға қатысу қиын болады: нарықта оның шарттарына сай баспана көп емес, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қазақстанда ескі «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасын 2027 жылы жүзеге асыруға 100 млрд теңге бекітілді. Бұрынғыдай тоқсанына 25 млрд теңгеден бөлу жоспарланып отыр.
Еске салайық, «7-20-25» ипотекасы мына шарттармен жұмыс істейді: мөлшерлеме — жылдық 7%; бастапқы жарна — 20%-дан; несие мерзімі — 25 жылға дейін; бағдарламаға тек Қазақстан азаматтары және тек бір рет қатыса алады; өтінім беру кезінде қарыз алушының және оның жұбайының соңғы 18 айда жеке баспанасы болмауы, сондай-ақ басқа ипотекасы болмауы тиіс; тек құрылыс салушыдан пайдалануға берілген жаңа баспананы ғана сатып алуға болады. Үлестік және қайталама тұрғын үй қолайлы емес.
Баспана құнына да шектеу бар. Алматы, Астана, Ақтау, Атырау және Шымкент үшін — 30 млн теңге. Қарағанды үшін — 25 млн теңге, ал қалған өңірлер үшін — 20 млн теңге.
Осы жеңілдік бағдарлама аясында ипотеканы 7 банк береді: «Банк ЦентрКредит», Halyk Bank, Freedom Bank, ForteBank, Bank RBK, «Еуразиялық банк» және Altyn Bank.
Тартымды шарттарға қарамастан, «7-20-25» ипотекасының өз мәселелері бар, солардың кесірінен жеңілдік несие алу қиынға соғады. «Крыша» порталы атап өткендей, нарықта бағдарлама шарттарына сай пәтерлер аз. Себебі тек дайын жаңа үйді, әрі белгіленген сома шегінде ғана сатып алуға болады, ал жаңа тұрғын үй кешендері пайдалануға берілген кезде көптеген пәтер сатылып кеткен болады.
Белгіленген лимиттерге байланысты да қиындықтар туындайды: жылына 100 млрд теңге (шамамен 5 000 несие) барлық ниет білдірушілердің өтінім беріп, несие алуына жеткіліксіз. Сондықтан банктер іс жүзінде өте аз өтінім қабылдайды.
Сонымен қатар 2026 жылға арналған соңғы 25 млрд теңге лимиті 1 қазанда ашылғанын атап өтейік. Қатысушылар алдымен банкке алдын ала өтінім беруі керек еді, алайда өтінім беру мен несие беру арасында бірнеше ай өтуі мүмкін.


