Кордова университетінің зерттеушілері B12 дәруменін пайдаланып, 250 циклге дейін қайта зарядтауға төтеп беретін мырыш-ауа аккумуляторын жасап шығарды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Кәдімгі батареялардан өзгеше, мырыш-ауа элементтері оттегін қоршаған ауадан тікелей алады, сондықтан олар жеңіл әрі энергия сыйымды. Олар қазірдің өзінде есту аппараттарында қолданылып жүр, алайда бұған дейін мұндай батареяларды қайта зарядталатын етіп жасау мүмкін болмаған. Энергия беру мен зарядтау — екі бағытта да жұмыс істеу үшін химиялық реакцияларды жылдамдататын арнайы катализатор қажет.

Тиімді шешім B12 дәрумені болып шықты, оның құрылымында кобальт бар. Разряд кезінде ол оттегін суға айналдыруға көмектессе, зарядтау кезінде оттегін қайтадан бөліп шығарады. Дәрумен суда оңай еритіндіктен, ғалымдар оны бірқабырғалы көміртекті нанотүтікшелерге бекітті — бұл затты су электролитінің ішінде ұстап тұратын өте жіңішке көміртекті құрылымдар.

Жұмыс авторларының айтуынша, бұл — гемоглобин мен каталазамен жасалған тәжірибелерден кейінгі биологиялық молекулаларды қолданған топтың үшінші прототипі. Болашақта мұндай қауіпсіз әрі арзан батареялар күн және жел электр станцияларынан түсетін артық энергияны сақтауға көмектесуі мүмкін.