Испаниядан Қазақстанға 10 жыл бұрын Астанада жасалған тонауға күдікті шетелдік экстрадицияланды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бас прокуратураның Telegram-арнасында мәлім еткендей, он жыл бұрынғы қылмысқа күдікті шетелдік қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін республикаға жеткізілді.
«Тергеу анықтағандай, күдікті екі сыбайласымен бірге бетперде мен қолғапты алдын ала дайындап, зардап шегушінің үйіне терезеден кірген. Ол жерде оның еркін басып-жаншу үшін дене күшін қолданып, пышақ жарақатын салған, содан кейін ақшалай қаражатты, зергерлік бұйымдарды және гаджеттерді иемденіп кеткен», — деп хабарлады Бас прокуратурада.
Қылмыс жасалған соң фигуранттардың бірі із суымай тұрып ұсталып, кейін 11 жылға бас бостандығынан айырылғаны белгілі. Қалғандары қылмыстық қудалау органынан жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланды.
«Кейін іздеудегілердің бірі Мадридте ұсталды. Бас прокуратураның сұрауы бойынша ол сол жерден Қазақстанға экстрадицияланды. Қазіргі таңда фигурант тергеу изоляторына қамалды», — деп қосты прокуратурада.
Оған тағылған қылмыс үшін мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.


