Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек кодексінде «еңбек саласындағы сексуалдық қорлау» ұғымын бекітіп, шағым берген зардап шеккендерге анонимділікке кепілдік беруді жоспарлап отыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Алдағы өзгерістер туралы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек және әлеуметтік әріптестік департаменті директорының орынбасары Венера Мұрзалина айтып берді, деп жазады КТК телеарнасының сайты.

Ведомство өкілінің айтуынша, Еңбек кодексіне «еңбек саласындағы сексуалдық қорлау» ұғымын енгізу, сондай-ақ қызметкерлерге шағым беру кезінде құпиялылық құқығын бекіту жоспарлануда.

Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстан заңнамасында «харассмент» термині жоқ, алайда бұл мәселеге әртүрлі сала өкілдері тап болып жатыр. Заңдардағы олқылықтарға байланысты құқық бұзушылар көбінесе тек ұсақ бұзақылық немесе әдепті бұзу үшін ғана жауапкершілікке тартылады.

Заңгер Аяжан Ойраттың айтуынша, мұндай шаралар нақты зиянды өтемейді, ал зардап шеккендер көбінесе кәсібін тастауға мәжбүр болады немесе одан да ауыр салдарға тап болады.

«Агрессорларға қолданылатын санкциялар өте жеңіл, олар зардап шеккен адамға келтірген зиянымен мүлдем өлшенбейді. Кейде сексуалдық қорлау белгілі бір салада жұмыс істегісі келген адамдардың оны мүлдем тастап, сол адаммен енді ешқашан бетпе-бет келмеуімен аяқталады. Біреулер тіпті өз-өзіне қол жұмсауға әрекет жасайды. Кейде сексуалдық қорлау зорлаумен аяқталады», — дейді сарапшы.