Ресейдің Пенза облысында магистральдық газ құбырының жарылуы Қазақстанның газбен қамтамасыз етілуіне әсер етпеді: ресейлік газ қалыпты режимде жеткізіліп жатыр, ал Өзбекстанға транзит жоспарлы көлемде жүріп жатыр. Бұл туралы Қазақстан Энергетика министрлігі NUR.KZ тілшісінің сауалына берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Ресей газы Қазақстан Республикасына қолданыстағы келісімшарттар аясында және өтінімдерге сәйкес қалыпты режимде жеткізілуде. Ресей газының Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстан бағытына транзиті де жоспарлы көлемде жүзеге асырылуда», — деді ведомствода.

Энергетика министрлігінде Қазақстанның газ тасымалдау жүйесінің жұмысында ауытқу тіркелмегенін қосты.

«Аталған оқиға Қазақстан Республикасы тұтынушыларын газбен қамтамасыз етуге әсер етпейді. «Газпром» АҚ-тан диспетчерлік арналар арқылы газ жеткізу режимін өзгерту туралы сұрау түскен жоқ», — делінген хабарламада.

ТАСС хабарлауынша, 13 қазанда Пенза облысы Белинский ауданының Волчково ауылында магистральдық газ құбыры жарылып, өрт шықты. Облыстық ТЖ басқармасының алдын ала дерегінше, қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.

«Газпром трансгаз Саратов» компаниясында апаттық учаскенің ажыратылғанын, ал тұтынушыларды жабдықтау баламалы бағыттар арқылы қамтамасыз етіліп жатқанын мәлімдеді. Мамандар қалпына келтіру жұмыстарына дайындалып жатыр.