Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздары (МБҚ) әлемдік қаржы нарығына шығуға бір қадам жақындады: 2026 жылғы жіктемесін қайта қарау қорытындысы бойынша J.P. Morgan халықаралық банкі еліміздің мемлекеттік облигацияларына Index Watch-Positive мәртебесін — оң бақылау тізімін берді. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Қаржы министрлігінің айтуынша, бұл қадам қазақстандық МБҚ-ны дамушы нарықтардың басты индексі — GBI-EM-ге (Government Bond Index – Emerging Markets) ықтимал енгізуге жол ашады.
Алдағы 12 ай ішінде J.P. Morgan сарапшылары қазақстандық нарықтың халықаралық инвесторлар үшін қолжетімділігін, соның ішінде халықаралық клиринг және есеп айырысу инфрақұрылымы арқылы жұмыс істеу мүмкіндігін, сондай-ақ критерийлерге сай облигациялардың өтімділігін бағалайды.
Министрлік GBI-EM индексіне ену шетелдік инвесторлар базасын кеңейтіп, нарықтың өтімділігін айтарлықтай арттырып, мемлекет үшін қарыз алу құнын төмендететінін атап өтті.
Бұл мәртебенің берілуі Қаржы министрлігі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің инфрақұрылымды дамыту және жергілікті нарықты халықаралық капитал нарықтарына интеграциялау жөніндегі бірлескен жұмысының нәтижесі болды.
Еске салайық, мемлекеттің кепілдіктері бойынша берешектерді қоса алғанда, Қазақстанның жиынтық мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарызы 2026 жылғы 1 шілдеде 40,9 трлн теңгеге жетті. Міндеттемелердің негізгі бөлігін әлі де мемлекеттік қарыз құрайды: үш ай ішінде ол 36,8 трлн теңгеден 38,5 трлн теңгеге өсті.


