Қазақстан Ішкі істер министрлігі республикадан тыс жерлерге тұрақты тұруға шығуға құжаттарды ресімдеу бойынша мемлекеттік қызмет көрсету ережелерін жаңартты. Ведомствоның «Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға шығуға құжаттарды ресімдеу» мемлекеттік қызметін көрсету ережелерін бекіту туралы» бұйрығы Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкісінің сайтында жарияланды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қызметті Қазақстан азаматтары, елде тұрақты тұратын шетелдіктер, сондай-ақ республикада тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдар ала алады. Бұйрықта қызмет көрсетудің бүкіл үдерісі мен оны ұсыну мерзімдері, оның ішінде eGov порталы арқылы да жазылған.

Құжатта мемлекеттік қызмет алушылар ұсынуға тиіс құжаттардың тізбесі келтірілген. Олардың қатарында өтініш-сауалнама; жеке куәлік не оның электрондық нысаны мен Қазақстан Республикасы азаматының паспорты, он алты жасқа толмаған балалардың туу туралы куәліктері, шетелдік азаматтың Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты; азаматтығы жоқ адамның куәлігі бар.

Сондай-ақ, егер Қазақстан Республикасының аумағында кетушінің отбасы мүшелері тұрақты тұратын болса, алимент төлеу туралы келісім қажет болады; он жасқа толған баланың ата-анасымен не өзге де заңды өкілдерімен бірге шығуы туралы шешім қабылдау кезінде оның пікірін ескеру туралы қорғаншылық және қамқоршылық органдарының қорытындысы.

Он сегіз жасқа толмаған Қазақстан азаматтары ата-анасының бірімен (қорғаншысымен, қамқоршысымен) бірге тұрақты тұруға шыққан кезде Қазақстан Республикасының аумағында тұратын екінші ата-анасының нотариаттық куәландырылған келісімі қажет. Келісім болмаған жағдайда кәмелетке толмаған адамның шығуына сот тәртібімен рұқсат берілуі мүмкін.

Бұдан басқа, пакетке мемлекеттік баж төленгенін растайтын құжат және Қазақстан Республикасының аумағында тіркелу туралы мәліметтер болмаған жағдайда өтініш кіреді.

Бұйрықта қызмет көрсетуден бас тартудың ықтимал жағдайлары да сипатталған. Егер қызмет алушы мемлекеттік және өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерге ие болып, өзінің Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуы туралы тиісті уәкілетті органдарды хабардар етпесе — осы мән-жайлар тоқтатылғанға дейін бас тартылуы мүмкін.

Егер өтініш беруші қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен ұсталса не күдікті, айыпталушы ретінде тартылса, не оған қатысты күдіктінің әрекетін саралау туралы қаулы шығарылса — іс бойынша шешім шығарылғанға немесе сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін; қылмыс жасағаны үшін сотталса — жазаны өтегенге немесе жазадан босатылғанға дейін бас тартылуы мүмкін.

Сондай-ақ сот жүктеген міндеттемелерді орындаудан жалтарғандарға — осы міндеттемелер тоқтатылғанға дейін; мерзімді әскери қызметте жүргендерге — бұл қызметті өткеру аяқталғанға немесе одан босатылғанға дейін; Қазақстан Республикасынан шығуға құжаттарды ресімдеу кезінде өзі туралы көрінеу жалған мәліметтер хабарлағандарға — бас тартуға негіз болған себептер жойылғанға және дұрыс мәліметтер ұсынылғанға дейін қызмет көрсетуден бас тартылады.

Бұған қоса, азаматтық сот ісін жүргізуде жауапкер болып табылатын адамдарға — сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін; салық берешегі бар адамдарға — ол толық өтелгенге дейін; атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкер болып табылатын адамдарға бас тарту көзделген.

Бұйрық 5 қарашада ресми түрде жарияланып, 15 қарашада күшіне енеді.