Қазақстанда жұмыс берушілер қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруды онлайн режимде рәсімдей алатын болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

NUR.KZ агенттігінің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап хабарлауынша, «Мемлекеттік аннуитеттік компания» өмірді сақтандыру компаниясы» акционерлік қоғамының сайтында жаңа онлайн-сервис іске қосылды. Оның көмегімен жұмыс берушілер еңбек міндеттерін орындау кезінде қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын өз бетінше жасай алады. Енді ол үшін кеңсеге барып, менеджерге жүгінудің қажеті жоқ.

«Рәсімдеудің барлық процесі онлайн режимде қолжетімді: тіркелуден және қажетті мәліметтерді енгізуден бастап есептеуді алуға, шартты қалыптастыруға және оған қол қоюға дейін. Құжаттар мен анықтамалар портал арқылы белгіленген талаптарға сәйкес тікелей жүктеледі. Формаларды толтыру кезінде мәліметтердің бір бөлігі мемлекеттік ақпараттық жүйелерден және Бірыңғай сақтандыру дерекқорынан автоматты түрде жүктеледі. Қалған деректерді жұмыс беруші өзі енгізеді. Шартқа қол қойғанға дейін енгізілген ақпаратты тексеруге және қажет болған жағдайда өзгертулер енгізуге мүмкіндік қарастырылған», — деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде.

Шарт жасасу үшін заңды тұлғаның қолданыстағы электрондық цифрлық қолтаңбасы болуы қажет. Барлық негізгі рәсімдер бір сайтта жүзеге асырылады, үшінші тарап сервистеріне өтудің қажеті жоқ.

«Онлайн-сервистің іске қосылуы ең алдымен сақтандыруды рәсімдеуді жұмыс берушілер үшін неғұрлым қолайлы және қолжетімді етуге бағытталған. Процедураны цифрлық форматта өз бетінше өту мүмкіндігі уақытты үнемдеуге және қажетті қызметті кеңсеге бармай-ақ алуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті мемлекеттік аннуитеттік компанияның басқарма төрағасы Олжас Ашкеев.

Айта кетейік, жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру қызметкерлерді әлеуметтік қорғау тетіктерінің бірі болып табылады. Заңнамада көзделген жағдайларда сақтандыру төлемдері еңбекке қабілеттілікті жоғалтуға байланысты зиянды, сондай-ақ емделуге, медициналық және кәсіби оңалтуға арналған заңда көзделген шығыстарды өтеуді қамтамасыз етеді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сәйкес, ағымдағы кезеңде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырумен шамамен 3,5 млн қызметкер қамтылған, бұл бір жыл бұрынғыға қарағанда 1 млн 130 мың адамға артық.