Қазақстандық музыка авторлары өз туындыларын пайдаланғаны үшін ақшалай төлем алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл туралы Kazpatent директоры Сабит Ахметов мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ведомство басшысының айтуынша, авторлар өз туындыларының қанша рет ойнатылғанын бақылап, өзіне тиесілі соманы көре алады. Жаңа жүйе авторлар, туындылар, құқық иеленушілер мен музыканы пайдаланушылар туралы мәліметтерді біріктіреді. Сонымен қатар платформа музыкалық туындыларды пайдалану фактілерін тіркеп, түскен есептер мен тізілім деректерінің негізінде төлемдерді есептеуге мүмкіндік береді.

«Әр автор өзі орындайтын трегін көріп, ол үшін қанша ақша жиналғанын біле алады. Сондай-ақ жиналған қаражаттың қаншасы өзіне тиесілі екенін біледі, өйткені оның қанша рет ротацияланғаны, яғни ойнатылғаны туралы есеп жүреді», — деп түсіндірді Сабит Ахметов.

Сыйақы мөлшері туындының қанша рет ойнатылғанына тікелей байланысты болады. Төлем алу үшін авторлар өз туындылары мен қажетті мәліметтерді жүйеге енгізуі керек. Қазіргі таңда платформа телеарналар мен радиостанциялармен жұмыс істейді.

Бұған дейін әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков қазақстандық әртістер музыканы пайдаланғаны үшін төлемді қашан ала бастайтынын айтқан болатын.