Кешкі астан кейін немесе ұйықтар алдында тамақтану әдеті бауыр денсаулығына кері әсер етіп, стеатоз бен цирроздың даму қаупін арттыруы мүмкін. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
SciTechDaily жазуынша, Орегон денсаулық және ғылым университетінің мамандары үш ауқымды ұзақмерзімді зерттеуге қатысқан 200 мыңға жуық адамның деректерін талдаған. Жоба авторлары қатысушылардың тамақтану әдеттерін бауыр ауруларының көрсеткіштерімен салыстырды. Түнде жиі тамақтанатын адамдарда бұл органға қатысты проблемалар кешкі тамақтан бас тартатындарға қарағанда 20–30% жиірек туындайтыны анықталды.
Бауыр циркадтық ырғақтармен — ұйқы мен зат алмасуды реттейтін организмнің ішкі биологиялық сағаттарымен — тығыз байланысты. Адам демалысқа арналған түнгі уақытта тамақтанған кезде организмнің қоректік заттарды тиімді өңдеу қабілеті төмендейді. Салдарынан жиі кеш тамақтану зат алмасуды бұзып, бауыр тіндерінде майдың жиналуына ықпал етуі мүмкін.
Зерттеушілер жұмыстың бақылау сипатында болғанын және әзірге тікелей себеп-салдар байланысын дәлелдемейтінін атап өтті. Қазір мамандар тобы тамақтану уақытын ертерекке жылжыту бауыр ауруы бар адамдардың жағдайын жақсартуға көмектесетінін анықтау үшін жаңа экспериментке қатысушылар жинап жатыр.


