1 желтоқсаннан бастап Ресей мен Эстония шекарасындағы өткізу пункттері арқылы автомобиль қозғалысы тоқтатылады. Шектеулер жарты жылға енгізіледі. Еуропа бағытында жұмыс істейтін қазақстандық тасымалдаушылар мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар мұны маршрут жоспарлау кезінде ескеруі қажет, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қазақстандық тасымалдаушыларға Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі ескерту жасады. Ведомствоның нақтылауынша, Ресей мен Эстония шекарасындағы өткізу пункттері арқылы автомобиль көлігінің қозғалысы 1 желтоқсаннан бастап, әзірге алты айға тоқтатылады.
«Осыған байланысты Еуропа бағытында халықаралық автомобиль тасымалын жүзеге асыратын қазақстандық тасымалдаушылар, сондай-ақ сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар маршрутты жоспарлау кезінде алдағы шектеулерді ескеруі қажет», — деп хабарлады ведомствода.
Көлік министрлігінде көлік құралдары қазірдің өзінде жолда жүрген немесе ағымдағы жылдың 1 желтоқсанында аталған өткізу пункттеріне жетуді жоспарлап отырған тасымалдаушыларға ерекше назар аудару керектігін атап өтті.
«Оларға кідірістер мен қосымша шығындарға жол бермеу үшін жүру маршруттарын алдын ала түзетіп, шекарадан өтудің балама нұсқаларын қарастыру ұсынылады», — деп қосты министрлікте.
Еске салайық, Эстония 1 желтоқсаннан бастап Ресеймен шекарадағы бес автомобиль өткізу пунктінің барлығын жабады. Шектеулер ұлттық қауіпсіздік мүддесінде енгізіледі. Сонымен қатар Эстония билігі Ресеймен шекара өткелдерін мерзімсіз жабу мүмкіндігін қарастыратыны хабарланған болатын.
Сондай-ақ Кремльдің Эстонияның Ресеймен шекараны жабу жоспарына қалай қатынасқаны белгілі болды.


