Қазақстанда күдіктіні қамау мерзімі біткеннен кейін қайта ұстауға бола ма — осы сауалға республиканың Конституциялық соты жауап беріп, бір іс аясында мұндай шараны қолдану шарттарын түсіндірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Конституциялық соттың Telegram-арнасында жазылғандай, органға Қылмыстық-процестік кодекстің қылмыстық құқық бұзушылық жасаған күдіктіні ұстаудың негіздері мен тәртібін реттейтін 128 және 131-баптарын Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтініш келіп түскен.
«Өтініш беруші бұған дейін сот санкциялаған қамауда ұстау мерзімі біткеннен кейін сол қылмысқа күдікпен қайта ұстау мүмкіндігіне дау айтқан. Бұрын сот бұл мерзімді ұзартудан бас тартқан еді, себебі тергеуші тиісті өтінішхатты заңда белгіленген мерзімде беру талабын бұзған. Өтініш берушінің пікірінше, жаңа нақты мән-жайларсыз қайта ұстау жеке бостандық пен қолсұғылмаушылықтың конституциялық кепілдіктерін бұзады», — деп түсіндірді сотта.
Конституциялық сот ұстау мен қамауда ұстауға тек заңды негіздерде және процестік кепілдіктер сақталған жағдайда ғана жол берілетінін атап өтті. Сот санкциялаған мерзім біткеннен кейін тиісті сот шешімінсіз қамауда ұстауға жол берілмейді.
Сонымен қатар соттың дерегінше, қылмыстық-процестік заңнама соттың қамауда ұстауды санкциялаудан бас тартуы мен адамды белгіленген мерзім біткеннен кейін босатудың құқықтық салдарын ажыратады. «Бірінші жағдайда бұлтартпау шарасын қайта қолдануға жаңа мән-жайлар болған кезде жол беріледі. Оларды анықтау, сондай-ақ бұған дейінгі ұстау мен қамауда ұстау уақытын есепке алу талаптары бостандықты негізсіз және мөлшерсіз шектеудің алдын алуға бағытталған. Алайда өтініштегі дәйектер тергеу судьясының қайта ұстау мән-жайларын бағалауымен және қабылданған сот актілерімен келіспеуге ғана саяды», — деп қосты сотта.
Осыған байланысты Конституциялық сот прокуратура органдары мен соттарға қылмыстық істің нақты мән-жайларын зерттеп, құқықтық баға беру, күдіктің негізділігін тексеру, ал белгіленген құқықтық сәйкессіздіктер анықталса, сот шешімдерін қайта қарау міндетін жүктеді.


