Ресей Федерациясы президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Америка көшбасшысы Дональд Трамптың Украинаға жаңа басшы табу керек деген мәлімдемесіне пікір білдірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Песковтың айтуынша, Трамп Украинаның жаңа көшбасшы сайлайтын уақыты келді деп есептейді, өйткені Владимир Зеленский қақтығысты тоқтату үшін қажетті саяси ерік танытпай отыр.

«Трамп жаңа президенттің уақыты келді деп ойлайтынын айтты. Неге? Өйткені Украина президенті осы соғысты тоқтату үшін өте жауапты әрі өте күрделі шешімдер қабылдауы керек. Не Зеленский осындай жауапкершілікті өз мойнына алып, саяси ерік танытады, не олай етпейді», — деді Песков.

Кремль өкілі Зеленский әзірге бұған барғысы келмейтінін атап өтті. Бұған дейін Песков басылымға Мәскеу үшін Киев тарапынан жерде қалыптасқан ахуалды мойындауға және бейбіт реттеуге шығуға біреудің саяси ерік танытуы маңызды екенін мәлімдеген.

Еске салайық, бұған дейін Трамп Зеленскийді сынға алып, Украина келісім жасай алатын жаңа көшбасшы табуы керек деген еді. Ахуалды бірден Украина Сыртқы істер министрлігінің басшысы Андрей Сибига түсіндірді. Сонымен қатар кеше Америка Құрама Штаттарының президенті Ресей мен Украина энергетикалық бітімге келіскенін хабарлады.