Беларусь президенті Александр Лукашенко Украина президенті Владимир Зеленский Мәскеуге барса, оның қауіпсіздігіне кепіл болуға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Беларусь көшбасшысының француздың Le Point журналына берген сұхбатының тиісті үзіндісін мемлекет басшысының баспасөз қызметіне жақын «Пул первого» Telegram-арнасы жариялады. Жариялау сәтінде сұхбат толық шыққан жоқ. Тараған үзіндіде Лукашенко Украина президентімен кездесуге дайын ба деген сұраққа кеңінен жауап берді.

«Путин бірде айтқан, әрине, бұл қатал талап: "Зеленский қаласа — Мәскеуге келсін". Міне, біз Володя Зеленский екеуміз отырып, Мәскеуге ұшып бара алар едік. Екеуміз. Мен оның қауіпсіздігіне кепіл болып және т.б., отырып, Мәскеуге ұшып бара алар едім. Отырып сөйлесер едік. Келіспесе — онда соғыссын. Өзі майданға автоматпен барып соғыссын. Оның келісімі... Соғыс жүріп жатыр, оны тоқтату керек. Біз келісе алар едік. Бәрібір үшеуміз болашағымыз қандай болатынын айқындаймыз — Украина, Беларусь және Ресейдің. Біз — үш славян халқымыз», — деп келтіреді оның сөзін Telegram-арна.

Беларусь президентінің айтуынша, Франция айтарлықтай ықпалға ие және Еуропадағы болашақ қауіпсіздік құрылымы Беларуське қарағанда оған көбірек тәуелді. «Бірақ осы өңірде үш басты славян халқы тарихи тұрғыдан әрі қалай өмір сүретінін шешетін болады», — деп атап өтті ол.

Лукашенко Беларусь қатысса, Ресей мен Украина соғысты аяқтау және өңірдің болашағы туралы басқа елдер қатысқанға қарағанда тезірек келісе алатынын қосты. «Халық та мұны қабылдар еді. Мүмкін, консультациялар нәтижесінде... Президент Путин қалай болғанда да майданда әскери жолмен жеңіп келеді. Мен мұны көріп отырмын», — деді Беларусь президенті.