Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Nvidia басшысы Дженсен Хуангтың қызметіне қайта оралуына қатысты пікір білдіріп, нейрожелімен хат алмасуының скриншотын жариялады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Instagram-да жарияланған суретте Жаслан Мәдиев жасанды интеллектен әлем көшбасшыларының қайсысы Дженсен Хуангты «ең белгісіз сәтте», яғни қызметіне қайта оралғанға дейін қолдағанын сұрағаны көрінеді.
Скриншотқа сәйкес, жасанды интеллект ең алдымен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты, сондай-ақ Ақ үй басшысы Дональд Трампты және Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинді атаған.
Мәдиев скриншотқа Қасым-Жомарт Тоқаев туралы өз ойларын қосқан. «19 қарашада Дженсен Хуангтың Nvidia басшысы қызметіне қайта оралуы әлі де екіталай көрінген кезде, Қасым-Жомарт Тоқаев оны көпшілік алдында «көрнекті инженер» және «нағыз аңыз» деп атады. Төрт күннен кейін компания Хуангтың қайта оралғанын жариялады. Бұл — біздің президенттің көрегендігінің көрінісі. Ол әлемдік технологиялық нарықтың тынысын танып, оның болашағын айқындайтын адамдардың рөлін түсінеді және оларды дәл ерекше маңызды сәтте қолдай біледі», — делінген Мәдиевтің жазбасында.
Еске салайық, бүгін Дженсен Хуангтың жанжалдан кейін Nvidia президенті және бас директоры, сондай-ақ директорлар кеңесінің мүшесі қызметтеріне қайта тағайындалғаны белгілі болды.


