83 жастағы голливудтық режиссер Майкл Манн Лос-Анджелестегі атыс тирінде абайсызда өзіне оқ атып алып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бұл ақпаратты Associated Press агенттігі таратты. Алғашқы хабарды танымал TMZ сайты жариялаған. Манн «The Range LA» тирінде болған кезде қаруынан оқ шығып, аяғынан жарақат алған.
Режиссердің өкілі жарақатты жеңіл деп сипаттады: қару қаптағы тұрған күйінде өздігінен атылып кеткен. Оқиға орнына жедел жәрдем шақырылып, Манн ауруханаға жеткізілді.
TMZ-нің мәліметінше, режиссер қаруын қапқа салмақ болған сәтте мылтық абайсызда атылып кеткен.
Майкл Манн — Голливудтың ең танымал және тәжірибелі режиссерлерінің бірі. Ол «Manhunter», «The Last of the Mohicans» және «Heat» сияқты ірі туындылардың авторы ретінде танылған. Оның ең соңғы фильмі — Адам Драйвер мен Пенелопа Крус түскен «Ferrari» картинасы, ол 2023 жылы жарық көрді. Сондай-ақ Манн 1980 жылдардағы танымал «Miami Vice» телесериалының жасалуына да атсалысқан.
Қазір режиссер соңғы онжылдықтардағы ең жоғары бағаланған криминалдық фильмдердің бірі саналатын «Heat» картинасының жалғасын түсіруге дайындалып жатыр. Жаңа фильмде Кристиан Бейл мен Леонардо Ди Каприо басты рөлдерді сомдайды.


