АҚШ-тың Миссисипи штатында жеңіл моторлы ұшақ апатқа ұшырап, оның ішінде екі бала бар алты адам қаза тапты. Бортта болғандардың барлығының денесін сүңгуірлер ұшақтың фюзеляжынан тапты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

NUR.KZ агенттігі РИА Новостиге сілтеме жасап хабарлағандай, апатқа ұшыраған жеңіл моторлы ұшақтағы алты адамның да қаза тапқанын АҚШ жағалау күзеті мәлімдеді. Марқұмдардың денесі Хорн аралынан солтүстік-шығысқа қарай шамамен төрт шақырым жердегі фюзеляждан табылды. Іздестіру жұмыстары төрт сағатқа жуық жалғасты.

АҚШ Азаматтық авиация жөніндегі федералдық басқармасының (FAA) өкілі Cessna 210 жеңіл моторлы ұшағы Миссисипи штатындағы Паскагула қаласынан оңтүстік-батысқа қарай апатқа ұшырағанын хабарлады. Ведомство борттағы адам санын нақтыламағанымен, америкалық БАҚ-тың мәліметінше, ұшақта алты адам болған: төрт ересек адам және 8 бен 10 жас аралығындағы екі ұл бала.

«Жағалау күзеті мен серіктес ведомстволар сәрсенбі күні із-түзсіз жоғалған алты адамды іздестіруді аяқтады. Сүңгуірлер апатқа ұшыраған ұшақта болған алты адамның барлығының денесін Миссисипи штатындағы Хорн аралынан солтүстік-шығысқа қарай шамамен екі миль (төрт шақырымға жуық — ред.) жерден тапты», — делінген хабарламада.

Жарияланымда атап өтілгендей, марқұмдардың денесі ұшақтың фюзеляжында болған, ал іздестіру жұмыстары шамамен төрт сағатқа созылды.