Миссисипи штатының жағалауынан алыс емес жерде шағын ұшақ апатқа ұшырады. Құтқарушылар оның бортындағы алты адамды іздестіріп жатыр. Апат сейсенбі күні түстен кейін болған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қазірге дейін үш құтқару кеудешесі, бір құтқару салы және ұшақ кабинасы табылды. Кабина су бетінде қалқып жүрген, деп мәлімдеді АҚШ жағалау күзетінің өкілі Хуан Рос.

Cessna 210 үлгісіндегі ұшақ жергілікті уақытпен сағат 15:30 шамасында Мексика шығанағында суға құлаған. Ол Миссисипи штатындағы Паскагула мен Мексика шығанағының ұлттық теңіз жағалауына кіретін Хорн аралының арасында болған. Билік өкілдерінің айтуынша, бортында төрт ересек адам және сегіз бен он жасар екі ұл бала болған.

FlightAware рейсті бақылау сайтының дерегінше, ұшақ Жаңа Орлеаннан Флорида штатындағы Форт-Майерс қаласына ұшып бара жатқан. Жағалау күзетінің мәліметінше, байланыс үзілген кезде ұшақ минутына 10 000 фут жылдамдықпен төмен түсіп келе жатқан.

Апатты тергеуге кірісетін АҚШ федералдық авиация басқармасы мен Ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесі сейсенбі күні оқиғадан хабардар екенін жеткізді.