Бірқатар қазақстандықтың банк шоттары бойынша шығыс операциялары мобильді аударымдар мен POS-терминалдар арқылы түскен қаражатты тексеруден кейін тоқтатылды. Себеп — тексерулердің өзі емес, салық төлеушілердің мемлекеттік кірістер органдарының хабарламаларына жауап бермеуі, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Тиісті мәлімдемені Мемлекеттік кірістер комитеті жариялады. Ведомствоның баспасөз қызметі шығыс операцияларының қандай жағдайда тоқтатылатынын және бұғаттау қалай алынатынын түсіндірді.
«Шоттар бойынша шығыс операциялары камералдық бақылаудың өзіне байланысты емес, салық төлеушінің хабарламаға жауап бермеуіне байланысты тоқтатылады. Мемлекеттік кірістер органдары камералдық бақылауды тұрақты жүргізеді. Қазір ол екінші деңгейдегі банктердің мәліметтері (POS-терминалдар арқылы түсімдер) мен мобильді аударымдар бойынша жүргізілуде. Егер бұл мәліметтер салық есептілігінің деректерімен сәйкес келмесе, салық төлеушіге хабарлама жіберіледі», — делінген хабарламада.
Атап өтілгендей, хабарламалар қыркүйекте жіберілген. Жауап беруге хабарлама салық төлеушінің кабинетіне жеткізілген күннен бастап 30 жұмыс күні, яғни 45 күнтізбелік күн беріледі. Осы мерзімде жауап түспесе, шоттар бойынша шығыс операциялары тоқтатылады.
Хабарламаны екі жолмен орындауға болады: қосымша салық есептілігін тапсырып, салықтарды төлеу немесе айырмашылықтардың себептері туралы түсініктеме беру.
«Салық төлеуші хабарламаға жауап берген бойда тоқтату алынып, шоттар қайта жұмыс істейді. Хабарламаны салық төлеушінің жеке кабинетінде тексеріп, оған жауап беруге болады», — деп түсіндірді МКК-да.


