Қазақстанда былтыр 171 мың автомобиль шығарылды, биыл 191 мың машина өндіру жоспарлануда. Бұл туралы үкіметтегі брифингте өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Өнеркәсіп министрлігінің басшысы айтуынша, Қазақстанда өндірілген автомобильдердің құны жалпы төмендеп келеді. «Менің білуімше, соңғы айларда шамамен 11% (төмендеді — Ред.)», — деді министр.

Бағаның 11%-ға төмендеуінен бөлек, елде автоны арзанырақ бағамен алуға мүмкіндік беретін акциялар да өтіп жатыр.

«Қазақстанда өндірілген машиналардың бағасы төмендеп келеді. Бағаның құлдилау үрдісін көріп отырмын. Жыл соңы жақындаған сайын биыл өндірілген модельдер... (арзандайды — Ред.)», — деді Ерсайын Нағаспаев.

Министр жыл соңында қазақстандықтар биыл шығарылған модельдер ескірді деп, жаңа жылы өндірілген автоны сатып алуға бейім болатынын қосып өтті. «Қазір қараша, желтоқсан. Жеңілдіктер болатыны түсінікті. Баға төмендейді деп ойлаймын», — деді ол.