Өскеменде 28 жастағы жергілікті тұрғын сотқа дейінгі тергеуге тартылды: оны шетелдік азаматтарға уақытша тұруға рұқсат құжаттарын жалған жасады деп күдіктеп отыр. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
NUR.KZ-тің Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлауынша, Өскемен көші-қон қызметінің қызметкерлері жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында шетелдік азаматтарға уақытша тұруға берілген үш жалған рұқсатты анықтаған.
«Құжаттар белгіленген рәсімдеу тәртібінен өтпеген және уәкілетті бөлімше берген құжаттар қатарында тіркелмеген. Алдын ала деректер бойынша, құжаттарды жасауға 28 жастағы жергілікті тұрғын қатысты. Рұқсаттар көрші мемлекеттің 25, 33 және 37 жастағы үш азаматына арналған», — деп хабарлады полицияда.
Ресми есеп деректері бойынша жүргізілген тексеру көрсетілген құжаттарды көші-қон қызметі бермегенін растады. Қазір бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Әйелге қатысты келу туралы міндеттеме түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
«Шетелдік азаматтардың Қазақстанда заңды тұруы тек белгіленген тәртіппен рәсімделген құжаттар болған жағдайда ғана мүмкін. Жалған рұқсаттарды пайдалану заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін», — деп еске салды құқық қорғау органдары.


