Оңтүстік полюс үстіндегі озон қабатының жұқару ауданы 18 қыркүйекте 27,1 миллион шаршы шақырымға жетті. Бұл — соңғы он жылдағы ең үлкен көрсеткіш, деп хабарлайды infohub.kz сайты. Мәліметтер АҚШ-тың Аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу жөніндегі ұлттық басқармасы (NASA) мен Мұхит және атмосфераны зерттеу жөніндегі ұлттық басқарманың (NOAA) бірлескен есебінде келтірілген.
Бұл көрсеткіш АҚШ ауданынан шамамен үш есе үлкен және 2000 жылы тіркелген тарихи максимумның шамамен 90%-ын құрайды. Озон тесігінің мұншалықты күрт кеңеюін ғалымдар сирек кездесетін ауа райы аномалияларымен байланыстырады.
Негізгі себеп — қуатты полярлық құйын. Ол Антарктида үстінде сағат тілімен айналатын, төмен қысымды суық ауаның алып ағыны және аязды ауа массаларын ұстап тұрады. Тамыз бен қыркүйекте бұл құйынды әдетте бұзатын атмосфералық толқындар ерекше әлсіз болды. Соның салдарынан қатты желдер полюстен әрі қарай жылжып, стратосфералық бұлттардың пайда болуына қолайлы жағдай жасады.
Дәл осындай бұлттардың бөлшектерінде өнеркәсіптік шығарындылардан бөлінетін хлор мен бром күн сәулесінің әсерінен планетаның қорғаныш қабатын ең қарқынды түрде бұзады.
Уақытша кеңеюге қарамастан, мамандар Жердің қорғаныш қабатының жалпы қалпына келуі жалғасып жатқанын атап өтеді. Монреаль хаттамасының арқасында стратосферадағы хлор концентрациясы 1980 жылдармен салыстырғанда үштен бірге азайды. Ғалымдар зиянды химикаттарға халықаралық тыйым болмаса, биылғы тесік тағы бірнеше миллион шаршы шақырымға үлкен болар еді деп есептейді. Тесіктің толық жабылуы әлі де ғасырдың соңына қарай күтілуде.


