Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі азаматтар пара немесе сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық туралы хабарлағаны үшін қандай сыйақы ала алатынын ашып айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Төлем мөлшері істің ауырлығына тікелей байланысты. Әкімшілік құқықбұзушылық үшін 30 айлық есептік көрсеткіш — 129 750 теңге қарастырылған. Онша ауыр емес қылмыс үшін — 40 АЕК, яғни 173 000 теңге. Орташа ауырлықтағы қылмыс 50 АЕК — 216 250 теңгемен бағаланады. Ауыр қылмыс үшін 70 АЕК — 302 750 теңге, ал аса ауыр қылмыс үшін 100 АЕК, яғни 432 500 теңге беріледі.
Параның сомасы немесе қылмыстан келген залал 1000 АЕК-тен (4 325 000 теңге) асса, бөлек тәртіп қолданылады. Бұл жағдайда хабарлаған адам соманың 10 пайызын алады. Бұл ретте төлем 400 АЕК — 17,5 млн теңгеден аспауға тиіс.
Сыйақы алу үшін сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық, пара немесе пара талап ету туралы хабарлап, сот үкімі немесе қаулысы күшіне енуін күту керек, содан кейін жеке куәлікті және теңгедегі шоттың бар екенін растайтын банк анықтамасын қоса отырып, өтініш беру қажет.
Комиссия шешімі 15 жұмыс күніне дейінгі мерзімде қабылданады. Ақша бұйрық шыққаннан кейін бір ай ішінде шотқа түседі.


