Тайландтың Пхукет аралында полиция халықаралық іздеуде жүрген 24 жастағы Қазақстан азаматын ұстады. Ол тіпті төсек үстінен ұсталған. Бұл фактіні Қазақстан Сыртқы істер министрлігі растады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Тайландтың The Phuket News басылымының мәліметінше, трансұлттық алаяқтық топпен байланысы және ақшаны жылыстатуға қатысы бар деп күдіктелген 24 жастағы Қазақстан азаматы Пхукет аралында қамауға алынды.

Оның тайланд визасын 185 күннен астам уақытқа ұзартпағаны да атап өтілді.

Қазақстандықтың ұсталу сәтінің кадрларын Phuket Times басылымы Facebook-те жариялады. Суреттерде ер адамның төсек үстінен ұсталғаны көрінеді.

NUR.KZ тілшісіне Қазақстан Сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, Пхукет аралында жергілікті құқық қорғау органдары Интерпол желісі арқылы халықаралық іздеуде жүрген Қазақстан Республикасының азаматын ұстады.

Ұстау Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұранысы негізінде жүргізілді.

«Ұсталған адамды Қазақстанға беру мәселесі уәкілетті органдармен бірлесіп, белгіленген тәртіппен пысықталуда», — деп қосты сыртқы саяси ведомство.