АҚШ-та PlayStation және Xbox ойын консольдерінің сатылымы бағаның қымбаттауы мен қосалқы бөлшектердің тапшылығына байланысты төмендеді. Circana талдау компаниясының дерегінше, 2026 жылдың алғашқы сегіз айында Xbox сатылымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 33%-ға, ал PlayStation 25%-ға азайған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Тамызда АҚШ-та PlayStation сатылымы 2025 жылғы тамызбен салыстырғанда 11%-ға құлдырады. Бұл — осы ай үшін 2013 жылдан бергі ең төмен көрсеткіш. Xbox сатылымы 31%-ға төмендеп, 2020 жылғы тамыздан бергі ең төменгі деңгейге жетті. Сол айда Nintendo консольдерінің сатылымы 15%-ға азайды.

Соңғы бір жарым жылда үш өндіруші де өз құрылғыларының бағасын көтерді. Қазір Xbox Series X $799,99 (шамамен 362 мың теңге) тұрады — сатылым басталған кездегіден $300 (136 мың теңге) қымбат. Қарапайым PlayStation 5 бағасы $499 (226 мың теңге) болса, 2025 жылдың тамызында $549,99 (249 мың теңге) болып, 2026 жылдың сәуірінде тағы $100 (45 мың теңге) қымбаттады. Қыркүйекте Nintendo Switch 2 $50 (22,7 мың теңге) қымбаттады.

Осының салдарынан сатып алушылар консольдерге көбірек қаржы жұмсайтын болды. 2026 жылдың алғашқы сегіз айында АҚШ-та Xbox-тың орташа бағасы $529 (240 мың теңге) болды — бір жыл бұрынғыдан 26%-ға жоғары. PlayStation орта есеппен $597 (271 мың теңге) тұрып, 20%-ға қымбаттады. Бұл — американдық нарық үшін рекордтық көрсеткіштер.

Мысалы, 2020 жылдың қарашасында сатылым басталғанда дискілі қарапайым PS5 Қазақстанда 256 мың теңге тұрған. Қазір Sony Centre сайтында қарапайым PS5 389 мың теңгеге көрсетілген.

Қымбаттаудың тағы бір себебі — қосалқы бөлшектердің тапшылығы. Жады өндірушілері жасанды интеллект дата-орталықтарына арналған компоненттер шығаруға көшуде. Осыдан консольдерге арналған бөлшектер азайып, оларды өндіру қымбаттады. Бұл шығындар сатып алушыларға артылады.

Бұған дейін «Курсив» Ұлттық банктің ойын сервистеріндегі төлемді жеңілдету жұмыстарын жүргізіп жатқанын жазған. PlayStation Store-дан қазақстандық карталармен ойын сатып алуға 2027 жылдың бірінші тоқсанында рұқсат берілуі мүмкін.