Қара қарғалар көзбен таңдау жасауға адамдар мен приматтардан екі есе жылдам қабілетті, әрі дәлдігін жоғалтпайды. Тюбинген университетінің биологтары осындай қорытындыға келді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Тәжірибе барысында ғалымдар құстарға сенсорлық экранда қозғалыстағы ақ нүктелердің шоғырын көрсетті. Қарғалар көптеген нысанның қай бағытқа — солға әлде оңға — жылжып жатқанын анықтап, монитордағы тиісті нысанды тұмсығымен шұқуы керек еді. Шешім қабылдау үшін қанаттыларға орта есеппен 235 миллисекунд, яғни секундтың төрттен бір бөлігінен аз уақыт қажет болды.

Нүктелердің бағыты анық болғанда құстар дұрыс жауапты шамамен 100 пайыз жағдайда қатесіз көрсетті. Тіпті ретсіз қозғалысы бар күрделі сынақтарда да олардың нәтижелері кездейсоқ болжамнан жоғары болып қалды.

Зерттеу авторлары құстардың миындағы нидопаллиум деп аталатын құрылымдағы жекелеген нейрондардың белсенділігін зерттеді. Бұл бөлім сүтқоректілердегі префронтальды қыртысқа ұқсас қызмет атқарып, ақпаратты өңдеуге және әрекет таңдауға жауап береді. Жазбалар қарғаның миы сурет пайда болғаннан кейін небәрі 70 миллисекундтан соң қозғалыс бағытын ажырата бастайтынын көрсетті.

Көргенін талдау барысында жүйке жасушаларының белсенділігі әрекет жасауға қажетті шекке жеткенше біртіндеп артады. Құстарда адам немесе маймылдардағыдай үлкен жарты шарлардың қабатты қыртысы жоқ, алайда олардың миындағы шешім қабылдаудың негізгі қағидаттары ұқсас болып шықты.

Зерттеушілер аса жылдам реакцияны табиғаттағы тіршілік ерекшеліктерімен байланыстырады. Құстарға жоғары жылдамдықпен ұшу кезінде маневр жасап, жағдайды лезде бағалау, сондай-ақ қорек табу кезінде тұмсығын дәл бағыттау қажет, дегенмен деректерді осынша жылдам өңдеудің нақты механизмін ғалымдар әлі ашуы керек.