Қарағандыда дәрігерлер өткен аптада өнер көрсету кезінде бес метр биіктіктен құлаған неміс цирк шоуының 23 жастағы гимнастінің жағдайы туралы мәлімет берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

КТК телеарнасының хабарлауынша, оқиға күрделі цирк этюді кезінде болған. Екі қыз сақтандырғыш арқанмен өнер көрсетсе, олардың серіктері — ер азаматтар — онсыз шыққан. Нөмір аяқталуға жақындағанда жас әртіс тек кілеммен жабылған бетон еденге құлап түсті.

Оқиға орнына дереу жедел жәрдем шақырылып, антракт жарияланды. Кейін жүргізуші көрермендерге акробаттың жағдайы жақсы екенін айтып, шоу жалғасты. Алайда кейін белгілі болғандай, гимнаст жамбас сүйегін сындырған.

«Науқас профессор Мақажанов атындағы көпбейінді аурухананың жедел травматология бөлімшесіне жатқызылды. Жағдайы орташа ауырлықтағы, тұрақты деп бағаланып отыр», — деді Қарағанды облысы травматологиялық қызметінің жағдаяттық орталығының жетекшісі Ксения Деревяшкина.

Еске салайық, өткен демалыс күндері Қарағанды циркінде қойылым кезінде акробат бес метр биіктіктен құлап, әртіс ауруханаға жеткізілгені хабарланған болатын.