Астанадағы №12 жалпы білім беретін орта мектепте ерекше арт-нысан — кітаптардан салынған мұнара пайда болды. Оптикалық иллюзияның арқасында ол сегіз метрлік болып көрінеді. Бұл туралы Астана әкімдігі хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.

Экспонаттың авторы — мұғалім Жарқыналы Ошаев. Ол бұған дейін де өз қолымен жасаған бұйымдарымен айналасындағыларды таңғалдырып келген, ал бұл жолы жеті мың кітаптан құрылым тұрғызды.

Мұнара үлкен залдың ортасында орналасқан. Оның нақты биіктігі небәрі бірнеше метр, алайда ішіне үңілсеңіз, шыңы ғимарат төбесінен әлдеқайда асып кеткендей әсер қалады.

«Бұл оптикалық иллюзия еден мен төбеге орнатылған айналардың көмегімен жасалған. Экспонат авторы осындай ерекше шешім арқылы кітаптың адамзатқа шексіз білім мен ақпарат әлеміне есік ашатынын көрсеткісі келді», — деп түсіндірді әкімдікте.

Билік өкілдерінің мәліметінше, мұнараны тұрғызу кезінде қауіпсіздік талаптары толық ескерілген. Оны салуға қажет кітаптарды мұғалімдер мен оқушылар жинап, әкеліп отырған.