Қазақстанның Даму банкі Түркістан облысының Шиелі ауданында қуаты 1 ГВт жаңартылатын энергия көздері жобасының бірінші кезеңін қаржыландыруды мақұлдады. 814 млн қытай юаны көлеміндегі қарызды Қырғызстандық кәсіпкер Ұлан Жапаровтың құрылымдары мен «Самұрық-Энерго» алады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бірінші кезең екі нысанды қамтиды: «Қазатомөнеркәсіп» ҰК» компаниясының қажеттіліктері үшін қуаты 60 МВт күн электр станциясы және KEGOC үшін қуаты 185 МВт күн станциясы.
Жобаны Altyn Dala Energy Ltd компаниясы жүзеге асырады. Қарыздың бенефициарлары — 75% үлесімен қырғызстандық инвестор Ұлан Жапаров және 25% үлесімен «Самұрық-Энерго». Электр станциялары жобасын қаржыландыру 2026 жылы бөлінуі тиіс.
Жобаның жалпы құны 1,2 млрд қытай юанын (шамамен 80,38 млрд теңге) құрайды. ҚДБ осы соманың 814 млн юанын, яғни шамамен 54,51 млрд теңгесін бөледі. Қаражат 15 жылға дейінгі мерзімге Қытайдың бес жылдық базалық кредиттік мөлшерлемесіне (жылдық 3,5%) байланған өзгермелі мөлшерлемемен, 1,57 пайыздық тармақ үстемесімен беріледі.
Altyn Dala Energy Ltd компаниясы ХҚҚО-да тіркелген және Qazaq Green Power («Самұрық-Энерго» еншілес компаниясы) мен Tumar Commerce компаниясына тиесілі. Соңғысы Zhyldyz компаниясына тиесілі, оған өз кезегінде Ұлан Жапаров пен Kaganat Solar компаниясы иелік етеді. Kaganat Solar Қырғызстанда тіркелген. Оның иесі әрі басшысы да Ұлан Жапаров — кәсіпкер және Қырғызстанның тау-кен саласындағы бірнеше компаниясының бұрынғы топ-менеджері.
Kaganat Solar компаниясы Азияда, Оңтүстік-Шығыс және Орталық Еуропада, Таяу Шығыста және ТМД елдерінде орта және ірі ауқымды күн электр станциялары жобаларын жүзеге асырады. Қазір оның Қазақстанда, Сербияда және Оңтүстік Африкада жобалары бар.
Бұған дейін Ұлан Жапаровқа тиесілі Caspian Solar компаниясы ХҚҚО-ның AIX биржасында 625 миллион юаньге (42 млрд теңге) қарыз қағаздарын орналастырған. Қаражат Оңтүстік Африкадағы күн электр станциясын қаржыландыруға жұмсалады.


